Accessibility links

ENRC полиция басшысына қатысты дауға ұрынды


ENRC компаниясының негізгі үлескері Александр Машкевич. Астана, 18 мамыр 2011 жыл
ENRC компаниясының негізгі үлескері Александр Машкевич. Астана, 18 мамыр 2011 жыл

Telegraph (Телеграф) басылымы 19 сәуірде Еуразия табиғи ресурстар корпорациясының (ENRC) қазақстандық полиция бастығының баласын шетелде оқытуға стипендия бөлгізуіне қатысты жаңа дауға қалғаны жайлы мақала басты.


Басылымның жазуынша, ENRC-дің еншілес SSGPO компаниясы бұрынғы Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Болат Байжасаровтың ұлын АҚШ-тың Мичиган университетіне оқытуға қаржы бөлген. Университетте шетел студенттері үшін бір жылдық оқу ақысы 62 мың АҚШ долларына тең. ENRC Қостанайда темір рудасын өндіреді.

КОМПАНИЯ БАСЫН АЛЫП ҚАШАДЫ

Қазір компания жұмысшыларының балаларын оқытуға арналған қаржының полицейдің баласын оқытуға қалай бөлініп кеткенін ENRC-нің өз ішіндегі заң бөлімі тексеріп жатыр.

«Облыстық ішкі істер департаментін басқаратын Байжасаров «Тапсырыспен кісі өлтіру қылмыстарын әшкерелеу әдістері» атты кітаптың авторларының бірі. Бұған қоса оның генерал-майор деген әскери атағы да бар» дейді Telegraph жергілікті басылымдарға сілтеме жасап.

Бұл істі корпорацияның аудит жөніндегі комитетінің нұсқауымен АҚШ-тың Dechert заң фирмасының Лондондағы кеңсесі де тексеріп жатыр.

Заңгерлер жанжал алғаш пайда бола бастағанда SSGPO компаниясы құжаттарды жойып, электрондық мәліметтер базасын өзгертіп жібергенін айтады.

ENRC-НІҢ БЕДЕЛІНЕ НҰҚСАН КЕЛДІ

«Корпорацияның бұған дейінгі беделі де шатқаяқтап тұрған. Өткен жылы директорлар кеңесіндегі алауыздықтан атқарушы емес екі директор орнынан кетті. Ал ақпанда төраға Йоханнес Ситтардтың орнына Мехмет Далман келді. Корпорацияның Конго демократиялық республикасында мыс өндіру қызметінде де сыбайлас жемқорлықпен байланысты шикіліктер бар» дейді басылым.

ENRC-ге жақын дерек көздері еншілес компанияның білім қорына тексеру жүргізіліп жатқанын растады. Бірақ ол іске қатыстылардың аты жөнін айтудан бас тартты.

Әйткенмен корпорацияның заң бөлімі ENRC-ге өздігінен ресми тексеру жүргізбегенін айтады.

«Біз Парақорлық туралы актіге қол қойған барлық компаниялардың корпоративтік мәдениетке сай қызмет жасауына күш саламыз» дейді басылымға.

Азаттық радиосы бұл іске қатысты Болат Байжасаровтан түсінік ала алмады. Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі оның ақпан айында қызметтен кеткенін айтады.
XS
SM
MD
LG