Accessibility links

«Еуропада исламофобия саяси дертке айналды»


Лондонның орталық мешіттерінің бірінде жұма намазын оқып жатқандар. 28 желтоқсан 2007 жыл
Лондонның орталық мешіттерінің бірінде жұма намазын оқып жатқандар. 28 желтоқсан 2007 жыл

«Әл-Жазира» веб-сайтындағы мақала авторының ойынша, бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстағы нәсілшілдіктің зардабынан ащы сабақ алған, «адам құқықтары мен теңдігін сақтаушы» Еуропада мұсылмандарға қарсы жаулық көзқарас қалыптасып отыр.


«Әл-Жазира» телеарнасының веб-сайты мамырдың 5-сінде Еуропадағы исламофобия туралы мақала басты.

Мақаланың авторы – Ұлыбританиядағы мұсылман қауымдастығының бұрынғы бас хатшысы Мұхаммед Абдул Бари. Ол иммигранттар мен мұсылмандарға қарсы оңшыл партиялар Еуропадағы қаржы дағдарысы мен экономикалық қиындықты Исламға деген төзімсіздік пен теріс көзқарас қалыптастыру үшін пайдаланып отыр деп санайды. Автор «біз» және олар» деп бөлінетін ортада ендігі жерде Еуропа мұсылмандарын «өзгелер» деп бөле бастады» дейді.

ЕУРОПА ТАҒЫ БІР ДАҒДАРЫСҚА ТАП БОЛДЫ

Автор Еуропа кеңесінің адам құқықтары жөніндегі комиссары Томас Хаммарбергтің Еуропа қаржы дағдарысынан бөлек, мұсылмандарға деген жаулық көзқарастан туындайтын моральдық құлдырауға тап болды деген пікірін келтіреді.

Абдул Баридың ойынша, Ұлыбританияда орналасқан Amnesty International ұйымы да бұл алаңдаушылыққа қосылады. Өткен сәуір айында жариялаған «Еуропадағы мұсылмандарды кемсіту: таңдау мен жаңсақ пікір» деп аталған зерттеуінде ұйым Франция, Бельгия мен Голландияны мұсылмандарды жұмысқа алу кезінде кемсітушілікке тыйым салатын заң қабылдай алмай отыр деп айыптаған еді.
Ниқаб қиіп газет оқып отырған франциялық мұсылман әйел. 11 сәуір 2012 жыл
Ниқаб қиіп газет оқып отырған франциялық мұсылман әйел. 11 сәуір 2012 жыл

Мақала авторы ұйымның дискриминация жөніндегі сарапшысы Марко Перолинидің де сөздерін уәж ретінде келтіреді. Перолини: «Мұсылман әйелдер мұсылманша орамал тағып жүргені үшін жұмысқа қабылданбай, қыздары дәстүрлі киім кигеніне байланысты сабақтарына кіре алмай жүр. Ер адамдарды мұсылмандық шарты бойынша сақал жібергені үшін жұмыстан шығара салады. Еуропалық елдердің партиялары мен қоғамдық өкілдері осындай мәселелерді шешудің орнына, мұсылмандардың сайлаудағы дауысын ғана пайдаланып келеді» деген еді.

«МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ ЕУРОПАНЫҢ БОЛАШАҒЫНА ТІКЕЛЕЙ ҚАТЫСЫ БАР»

Мұсылмандарды дискриминациялауға қарсы уәж айтқан Мұхаммед Абдул Бари 1950 жылдары Еуропаға келген мұсылмандардың соғыстан күйреген құрлықтың экономикасын қалпына келтіруге үлес қосқанын алға тартады. «Қазір Еуропа – мұсылмандардың өз отаны. Құрлықтың болашағына да тікелей қатысы бар» дейді ол.

Автордың пікірінше, әсіре оңшылдардың ұстанымы мен еуропалық саясаткерлердің проблеманы саяси тұрғыда шешу тәсілдері исламофобия тудырды.
Бельгиялық мұсылман әйелдер жұмысқа тұру кезіндегі дискриминацияға қарсы наразылық акциясында. Генк, 12 наурыз 2011 жыл
Бельгиялық мұсылман әйелдер жұмысқа тұру кезіндегі дискриминацияға қарсы наразылық акциясында. Генк, 12 наурыз 2011 жыл

Өткен жылы жазда норвегиялық әсіре оңшыл «христиан» экстремисі Андерс Брейвиктің 77 норвегиялықты өлтіріп тастауы «Еуропалық саяси таптың санасын сілкіндірді» дейді автор. Оның ойынша, бұл оқиға жалған ғалымдар мен медиа сарапшыларды, мұсылмандардың сайлауда дауысын ғана керек қылатын саясаткерлерді, Ұлыбританиядағы Ағылшын қорғаныс лигасы (EDL) сияқты ұйымдарды қоздырған. Мысалы, сотталып жатқан Брейвик Еуропа елдерінің басшыларын «мұсылмандардың Еуропаны басып алуына қарсы тұра алмайды» деп мысқылдаған.

Ал Франциядағы президент сайлауында екінші кезеңге шыққан Николя Саркози мен социалист Франсуа Олланд алғашқы кезеңде үшінші орын алған оңшылдар жетекшісі Жан-Марин Ле Пеннің жақтастарына үміт артты дейді автор.

ҰЛЫБРИТАНИЯДАҒЫ ӘСІРЕ ҰЛТШЫЛДЫҚ

Мұхаммед Абдул Бари Ұлыбританияның саяси сахнасында болып жатқан өзгерістер де Исламға қатысты алаңдаушылық туғызады деп жазады. Ол: «Таяуда Ағылшын қорғаныс лигасы Бостандық партиясымен (British Freedom Party) бірікті. Оның саяси маңызы зор. 2010 жылы құрылған партия негізінен мұсылмандардың құқықтарын шектеуді көздейді. Мысалы, партия ниқабқа тыйым салып, мешіт пен медреселер салғызбауды, мұсылмандық қаржы жүйесін алып тастағысы келеді» деп санайды. Автордың айтуынша, екі ұйымның бірігуі кейбір нәсілшілдікке қарсы топтарды алаңдатып отыр.

Абдул Бари Еуропа құрлығын өзгелердің құқықтарын сыйламайтын қараңғы заманға қайта оралмауға, исламофобия дертімен күресіп, мұсылмандармен және мұсылман еместермен бірге Еуропаны көркейтуге шақырады.
XS
SM
MD
LG