2011 жылы Қазақстанның жеті бірдей ірі қаласында лаңкестік әрекеттер жасалды. Алғашқы теракт мамырдың 17-сі күні болды. Ақтөбенің 25 жастағы тұрғыны Рахымжан Мақатов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Ақтөбе облыстық департаменті ғимаратында өзін өзі жарып жіберді. Жанкешті мерт болып, үш адам жараланды.
Содан бері бір жыл өтті. Көптеген сарапшылар Қазақстанда лаңкестіктің бар екені сол күні-ақ белгілі болды деп есептейді. Қазақ жеріндегі лаңкестік әрекеттердің хроникасы 2011 жылы желтоқсанның 3-інде Алматы облысы Боралдай кентінде бір топ қарулы адамға қарсы ұйымдастырылған арнайы операциямен аяқталды.
«БІР ТҮРЛІ» ТЕРАКТІЛЕР
ҰҚК-нің отставкадағы полковнигі Арат Нарымбаев «Былтыр елімізде бой көрсеткен лаңкестік әрекеттер - тек бастамасы ғана. Лаңкестік топтар мен олардың эмиссарлары елдегі жағдайдың тамырын басып, Қазақстанның арнайы қызмет органдарының осал тұстарын байқап, мұндай тұрғыдағы әрекеттерге тойтарыс беруге олардың қаншалықты әзір екенін шамалап көрді» дейді.
Бұрынғы чекистің пікірінше, келешекте Қазақстанды ауыр сынақтар күтіп тұр. Өйткені алғашқы қадамын жасаған терроризм «әлі күшіне енеді».
Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов, керісінше «Қазақстанда ешқандай лаңкестік әрекет болған жоқ» деген пікір айтты. Ол бұл әрекеттерді ойға қонбайтын оғаш терактілер деп санайды.
- Өйткені бұл әрекеттер нақты біреуге қарсы бағытталмаған. Кімге қарсы бағытталғаны түсініксіз терактінің жауапкершілігін мойнына алған нақты ұйым да жоқ, - дейді Сергей Дуванов.
Атырауда болған екі жарылысты мойнына алған «Халифат сарбаздарын» жұрт тек интернет арқылы ғана біледі. «Сірә, оны арнайы қызметтің өздері ойлап тапса керек» дейді Сергей Дуванов.
Сергей Дуванов «Қазақстанға ешқандай лаңкестік қатер төніп тұрған жоқ» деген ойда. Оның пікірінше, «Қазақстанға сырттан төнер қауіп жоқ. ҰҚК мен ішкі істер министрлігі (ІІМ) органдарының діни ағымдарға жасаған қысымына жауап ретінде тек ішкі терроризм бас көтеруі мүмкін». Сергей Дуванов қарашаның 12-сінде Тараз қаласында болған лаңкестік әрекетті ұйымдастырды деген күдіктіні меңзеп:
- Алайда бұл ұйымдасқан түрдегі немесе белгілі бір ұйым жоспарлы түрде жүзеге асырған терроризм болмайды. Егер алда-жалда бола қалса, ҰҚК ғимаратына гранатометтен оқ атқан Кариев сияқты жалғыз-жарым жанкештілердің шарасыздықтан барған әрекеті түрінде көрінуі мүмкін, - дейді.
Тараздағы оқиғадан сегіз адам, оның ішінде бес полицей қаза тапқан.
ҚЫСЫМҒА ҚАРСЫЛЫҚ
Азиялық зерттеулер институтының директоры Сұлтан Әкімбековтің пайымдауынша, 1990-жылдары Қазақстанда түрлі діни ағымдардың кең таралуына мүмкіндік болды. Мұны, әсіресе ауылдан қалаға қоныс аударған халықтың арасында, радикалды ислам ұйымдары ұтымды пайдаланды.
Оның пікірінше, Қазақстандағы діни ахуалды қадағалау күшейген тұста бұл қысым радикалды топтардың тарапынан қарсы әрекеттер тудырды.
- Лаңкестік әрекеттер қайталануы мүмкін. Оған не түрткі болатынын тап басып айту қиын, - дейді Сұлтан Ақымбеков.
Оның пікірінше, мұндай әрекеттердің болашақта қайталануына елдегі ішкі қайшылықтар, радикалды топтардың белсенділігінің артуы немесе әлдебір сыртқы күштер әсері етуі мүмкін.
Тәуелсіз журналист, Орталық Азия бойынша сарапшы Джоанна Лиллис Қазақстанда лаңкестік әрекеттер болды деген ақпарға күмән келтірді. Оның сөзіне қарағанда, «лаңкес» деп танылған жандар ешбір талап қоймаған. Террористер әдетте қоғамдық маңызы бар ғимараттарды, ұшақтар мен поездарды нақты мақсатпен жарып жатады.
- Егер олар шынымен де радикалдар болса, олардың Қазақстанда қандай мақсатты көздегені бізге белгісіз. Өйткені ешқандай талап қойған жоқ, - дейді Джоанна Лиллис.
Ол Атыраудағы лаңкестік әрекеттен кейін «Халифат сарбаздары» тобы жариялаған мәлімдемені де ойға қонымсыз деп санайды. «Мәлімдемеде Қазақстанның дін туралы жаңа заңына қатысты толып жатқан қате тұжырымдар айтылған» деген Джоанна Лиллис мұндай топтың бар екенін жоққа шығарады.
ТЕРРОРҒА ЖАРИЯЛЫЛЫҚ ҚАНА ҚАРСЫ ТҰРА АЛАДЫ
Қазақстандағы лаңкестік әрекеттердің тағы бір ерекшелігі ретінде Джоанна Лиллис барлық шабуылдың құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсы бағытталғанын айтты.
Сарапшы Қазақстанды аралаған сапары барысында қайыршылық пен жұмыссыздық жайлаған елді, ашынған халықты көргенін айтады. «Бұқара наразылығы терроризм тудыруы мүмкін, бірақ бұл теория жүзіндегі тұжырым ғана» дейді.
«Демос» қоғамдық құқық қорғау бірлестігінің төрайымы Тоғжан Қизатова «лаңкестік әрекеттер» деген сөз тіркесінің өзін үлкен тырнақшаға алар едім дейді. Оның пікірі бойынша, бұл әрекеттер «бір түрлі қызық актілер» болды.
Құқық қорғаушы былтырғы жанкештілік оқиғаларды «Діни азшылық топтардың биліктің қыспағына қарсы жасаған әрекеті» деп есептейді. Тоғжан Қизатова лаңкестік туралы бап бойынша қозғалған істерге қатысты барлық тергеу-сот материалдарын бүкпесіз жариялауға шақырды.
- Шынайы ақпарат алғанда ғана халық терроризм қаупі төнгеніне көзі жетіп, бас біріктіріп оған қарсы тұрады немесе мұның негізсіз ақпарат екенін біледі, - дейді құқық қорғаушы.
Тоғжан Қизатованың ойынша, «Қоғамда ашық хабар тарату мен жариялылық орнаған жағдайда ғана елдегі терроризмге тосқауыл қоюға болады. Әйтпесе жағдай бұдан да қиындайды».
Дөңгелек үстелдің аудио нұсқасы (орыс тілінде өткен):