"Интерфакс-Қазақстан" агенттігінің хабарлауынша, Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты мамырдың 19-ы Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасары Сергей Грибенщиков пен облыстық сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бұрынғы бастығы Александр Воробьевті Қарағандыдағы "Бесоба" кешеніндегі үйдің құлауына байланысты тұтқындауға қаулы шығарды.
Қарағанды облысы прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасының тергеу тобының мәліметі бойынша, облыстық сәулет-құрылыс басқармасының бұрынғы бастығы Александр Воробьев "Бесоба" тұрғын үй кешенін тұрғызу үшін құрылысқа жарамсыз жер бөлген.
Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Сергей Грибенщиков салынған үйлерді құрылыс сапасын тексермей қабылдап алған.
Сот қаулысы бойынша, аталған екі адамның қызметтерін дұрыс атқармағаны жөнінде тергеу органдары жеткілікті дәлел жинақтаған.
Қарағанда қаласындағы "Бесоба" тұрғын үй кешеніндегі 7-үй 6 сәуірде құлаған болатын.
Осы оқиға бойынша тексеру жүргізген мемлекеттік комиссия "Бесоба" кешені салынғанда құрылыс нормалары бұзылған деген қорытынды жасады. Құрылысты салған мердігерлерге қатысты қылмыстық кодекстің 245-бабы, 2-тармағы (Апатқа әкелген сапасыз құрылыс) бойынша іс қозғалды.
Бұдан өзге, үйді қабылдап алған комиссия мүшелеріне қатысты да 307-бап (Қылмыстық міндеттерін дұрыс атқармау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл үйлер 2009 жылы пайдалануға берілген.