Accessibility links

Каримованың «қайырымдылығына» өзбектер наразы


Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара.
Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара.
Гүлнара Каримова - әнші, композитор, дизайнер, профессор, дипломат, филантроп және кәсіпкер. Өзбекcтан президенті Ислам Каримовтың қызының енді «үйлену тойларын ұйымдастырушы» деген де атағы бар.

Өзбекстанда «2010 жыл - бақуатты отбасылар жылы» деп жарияланды. Үкімет отау көтеретін жастарды қолдау үшін «1000 үйлену тойы мен 1000 сүндет той» шарасын жоспарлады. Гүлнара Каримова өзінің той ұйымдастырушы қызметшілерін осы үкіметтік шараны өткізуге жалға берді. Жылдық шараны Гүлнараның «Форум қоры» деп аталатын қайырымдылық қоры атқарып шықты.

UNESCO, UNDP және British Council сияқты атақты ұйымдармен әріптес болып отырған «Форум қорының» мәлімдеуінше, «Мұндай жаппай үйлену тойлары мен сүндет тойлары жетімдер мен табысы аз жас жұбайларды қолдау үшін жасалады». 2004 жылы құрылған «Форум қоры» сол кезден бастап жастарды үйлендірумен, балаларды сүндеттеумен айналысып келеді.

Өзбекстанның Навои мен Қашқадария облыстарында наурыз айында өткен осындай бір шарада 123 жұп отау құрып, 200 ұл бала сүндетке отырғызылған.

КАРИМОВАНЫҢ «КӨМЕГІ»

Алайда бұл тойлардың елдің көңіл-күйін көтергені шамалы. Жұрт зейнетақысы мен тағы басқа әлеуметтік жәрдем ақыдан айырылатын болған соң ғана мұндай тойларды еріксіз жасауға мәжбүр екендерін айтты.
Гүлнара Каримова ұйымдастырған кезекті үйлену тойлары.
Гүлнара Каримова ұйымдастырған кезекті үйлену тойлары.

Мәселен, Азаттыққа сұқбат берген, өзі де 2007 жылы осы «Форум қорының» «көмегімен» үйленген 26 жасар Араздурди Тошматов бұл тойларға зорлықпен барғанын айтты. Оның баласы қазір 4 жасқа келді. Отбасы әлеуметтік жәрдеммен күн көріп отыр.

- Мен әкімнің кеңсесіне нашар тұрмысыма шағым айтып, жәрдем сұрап барғанымда, олар маған «Форум қорының» үйлену тойына қатыс, қатыспасаң, бір айлық жәрдемақыдан қағыласың» деп қорқытты, - дейді ол.

Тошматов тойға барғанымен, жәрдемақысын бәрібір ала алмаған.

- Біз маусым мен шілдеге тиесілі жәрдемақыны сол күйі алған жоқпыз. Банктегілер «Қазынадағы бар ақша тойларға жұмсалды. Ақша зая кетті. Тойлаған жақсы, әрине, бірақ ол тойға ақша төленсе тіптен жақсы болады» деп жауап берді, - дейді.

Тошматов сияқтылар жалғыз емес. 76 жастағы зейнеткер қарт Адхам-ака маусымның 4-і күні бір айлық зейнетақысын алу үшін поштаға барғанда «ақша жоқ» деген жауап алған. «Неге?» дегенде, қызметкерлер «Форум қоры» ұйымдастырған тойлар қазынадағы бар қаржыны сарып қылды» деп, қартты құр қайтарған.
Гүлнара Каримова.
Гүлнара Каримова.

Тұрғындар «Жергілікті басшылар мен бизнесмендер ақша жұмсауы тиіс мұндай тойлар жергілікті бюджетті кеміріп жатыр» деп наразы. Бұқараның көбі «Мұндай тойлардың шығынын жабу мүмкін емес» деген пікірде.

Ал «Форум қоры» бұл іс-шараларға жергілікті әкімшіліктің көмектескенін мойындай отырып, «Бұл тойларға жәрдем бергендер арасында бірнеше корпорациялар мен мемлекеттік демеушілер де бар» деп мәлімдеген.

Ұйымдастырушылар «Сағаттар, дизайндарын Гүлнара жасаған әдемі алқалар және тағы басқа толып жатқан сый-сияпаттар» береміз деп мақтанғанымен, Тошматов «Менің тойымда бізге берілген кілем, сағат, телевизорларды жергілікті кәсіпкер сыйға тартты» деп отыр.

ТӨРАЙЫМНЫҢ БАЙЛЫҒЫ ТУРАЛЫ

«Форум қоры» үйлену тойларымен қоса балалардың сәнді киімдері мен өнер көрмелерін, сүндет тойларын да ұйымдастырады. Бұл ұйым аса танымал әріптестерін айтып та мақтанады. Өздерінің айтуы бойынша, Париждегі Лувр музейі де олармен әріптес. Ал Гүлнара Каримова - ұйымдастыру коммитетінің төрайымы.
Гүлнара Каримова ұйымдастырған шарада балалар түрлі сыйлықтар алады. Мына балаға велосипед тиіпті.
Гүлнара Каримова ұйымдастырған шарада балалар түрлі сыйлықтар алады. Мына балаға велосипед тиіпті.

Каримова байлығының түп-төркіні белгісіз. Бірақ ол Zeromax компаниясымен ұзақ уақыт тығыз жұмыс істеді. Өзбекстандағы барлық маңызды өндіріс орындары сияқты, бұл компанияның да акцияларының басым бөлігін мемлекет иемденіп алған.

Швейцариялық салық төлеушінің айтуынша, Каримованың байлығы - 600 миллион АҚШ долларына жуық. «Фонд қоры» Өзбекстанның пиар қызметін атқарып тұр.

Amnesty International ұйымының 2011 жылғы баяндамасына қарағанда, Өзбекстан - әлем бойынша адам құқығын ең көп бұзатын ел. Бұл елдегі адам азаптау, діни сенімі үшін қудалау, қатал цензура - Ислам Каримов режимінің көріністері. «Форум қоры» осы имиджді өзгертуді мақсат тұтқан сияқты.

Каримова АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон мен Монако ханзадасы Альберт басқаратын танымал қорлармен байланыс орнатқанша (2012 жылдың мамыр айына дейін - ред.) бұл ұйымға ешкім баса назар аудармаған еді.

«Форум қоры» сайтының жазуынша, Каримованың Guli деп аталатын сән шоулары мен тағы басқа іс-шаралары «Асыл бұйымдарға қатысты классикалық ескі нормаларды өзгертпек. Каримова бір-біріне кереғар болып келген мәдениет айшықтарын араластырып, асыл бұйымдарды Швейцария шеберлерінің өңдеуінен өткізіп, бұрын соңды болмаған жаңа сапа жасап шығарғысы келеді».

Гүлнара Каримова «қайырымдылық жобаларын» мемлекеттің қолдауына іліктіре алады. Енді өзбек халқы өздеріне ұнаса да, ұнамаса да сәнді киініп, Каримованың баннерлерінің фонында үйленіп, той жасайтын болады.
XS
SM
MD
LG