Accessibility links

Батыс басылымы Ильиннің жеңіске жету "құпиясын" тапты


Екі дүркін олимпиада чемпионы Илья Ильин. Лондон, 4 тамыз 2012 жыл
Екі дүркін олимпиада чемпионы Илья Ильин. Лондон, 4 тамыз 2012 жыл

Франциялық ақпарат агенттігі екі дүркін олимпиада чемпионы атанған қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин жылқының етін жеу арқылы қажетті күшке ие болғанын жазады.

AFP ("Франс пресс") агенттігіне сілтеме жасай отырып, France24 ақпарат құралы тамыздың 4-і күні Илья Ильин жеңіске жете салысымен жеңімпаздың диетасы туралы материал жариялады.

Мақала "Қазақстанның олимпиада чемпионы Илья Ильин ауыр атлетикадағы табысқа жету жолы жылқы етінде жатқанын айтады" деп басталады.

Ақпарат құралы 24 жастағы ауыр атлеттің екінші алтын алуына тек жылқы мен тауық етін жейтіні сеп болса керек деп сипаттайды. Ары қарай Ильиннің мынадай сөздерін келтіреді:
Илья Ильин (ортада), қазақстандық ауыр атлет, екі дүркін олимпиада чемпионы. Лондон, 4 тамыз 2012 жыл
Илья Ильин (ортада), қазақстандық ауыр атлет, екі дүркін олимпиада чемпионы. Лондон, 4 тамыз 2012 жыл

"Олимпиада болсын, я басқа кез-келген жарыс болсын спортшы үшін ішетін асы зор мәнге ие. Ішетін тамағыңды жақсы білуің керек, өте сақ болу қажет. Мен майлы тамақ пен тәтті жемеуге тырысам. Жақсы көретін асым - тауық пен жылқы еті. Бұларды теңдессіз тағам дер ем, өйткені оңай қорытылады.

Дене қуатын босқа рәсуа етпеу керек, қой мен шошқа еті сияқты ауырлау асты қорытуға энергия жұмсамау керек. Тауық пен жылқы еті штангистер үшін ең жақсы тамақ".

Ары қарай франциялық ақпарат құралы Илья Ильиннің халықаралық жарыстарда ешқашан жеңіліп көрмегенін атап өтеді.

Оның екі дүркін олимпиада, үш дүркін әлем және бір мәрте Азия ойындарының жеңімпазы екенін тізіп шығады.

Лондонда қазақстандық атлеттің әлемдік рекордты жаңартқанын, серпе көтерудегі көрсеткішті 233 килограмға жеткізгенін сипаттайды. Ильиннің "Салмақ қосқым келіп жүр. Салмағың азайған сайын күшің де азаяды" деген сөздерін келтіреді.
XS
SM
MD
LG