Accessibility links

Таяу Шығыстағы исламшыл партиялар да салафизмнен қауіптене бастады


Каирдегі Тахрир алаңында наразылық танытып тұрған адам. Египет, 29 шілде 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Каирдегі Тахрир алаңында наразылық танытып тұрған адам. Египет, 29 шілде 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

IHT басылымы «Исламистердің бәрінен емес, салафиттерден қорқыңыз» атты мақаласында бұл ағымның араб қоғамындағы қазіргі ролін талдайды.

The International Herald Tribune (IHT) басылымында жарияланған мақаланың авторы - «Америка бейбітшілік институтының» ислам жөніндегі маманы Робин Райт.

Зерттеуші «араб көктемі» деген атқа ие болған, үкіметке қарсы наразылық шаралары алғаш басталған жерге - Тунистің Сиди-Бузид қаласына сапар шегіп, жағдайды бақылап қайтқан.

ҮМІТ ПЕН ҚАУІП

«Біз бостан болдық, бірақ жұмыс орындары азайды» дейді 2010 жылдың желтоқсанында мыңдаған адамның үкіметке қарсы шеруінің куәсі болған орталық алаңда оны-мұны сатып жүрген жергілікті саудагер.

Қаланың енді бір тұрғыны алаңда өзін-өзі өртеп жіберген Мұхамед Буазизи демократиялық сайлауда дауыс беру құқығы үшін емес, жергілікті өкіметтен жәбір көргені үшін өзін құрбан еткенін айтты.

«Әлден уақытта ақшаңқан мешіттегі намаз да аяқталды. Құдайға құлшылық етушілердің арасында салафиттер де көп. Салафизм – сүннит мұсылмандардың ішіндегі әсіре консервативті ағым. Олар қазіргі қоғамның ғұрып-салтынан гөрі VII ғасырдағы діни дәстүрлерді дұрыс көреді. «Салаф» араб тілінен аударғанда «ізашар», «жол салушы» деген мағына береді. Бұлар жылдар бойы мұсылман автократтардың саясатына мойынсұнып келді. Алайда соңғы сегіз айдың ішінде бүкіл Таяу Шығыс аймағында аса қарқынды салафиттік қозғалыстар бой көтеріп, өтпелі кезеңді ақталмаған үміт пен тәртіпсіздік кезеңіне айналдыру қаупін төндіріп тұр» деп жазады сарапшы.

«ЖИҺАДШЫЛАРДЫҢ КЕҢІСТІГІН САЛАФИТТЕР ЖАУЛАП ЖАТЫР»

Басылымның жазуынша, Парсы шығанағынан бастап Солтүстік Африкаға, Жерорта теңізіне дейін созылып жатқан аймақта араб төңкерісінің жете бағаланбаған, қатерлі салдары – салафи қозғалысы пайда болды. Әр аймақта түрлі деңгейде әрекет етіп жатқан осы бір популист пуритандар бір кездері жиһадшылар үстемдік құрған саяси кеңістікті біртіндеп жаулап жатыр.

«Бұлардың екеуі де – исламның бастапқы кезеңдеріндегі дәстүрлерді қалпына келтіретін жаңа жүйенің қалыптасуын қолдайтын фундаменталистер. Бірақ салафиттер әрдайым күрескер болар бермейді, олардың көпшілігі зорлық-зомбылыққа қарсы» деп жазады автор.

Басылымның мәліметінше, салафиттер биыл мамырда Тунисте «Реформа
Египет сарбаздары салафиттердің "Әл-Нұр" партиясы кандидаттарының сайлау парақтарының алдында тұр. Александрия, 5 желтоқсан 2011 жыл.
Египет сарбаздары салафиттердің "Әл-Нұр" партиясы кандидаттарының сайлау парақтарының алдында тұр. Александрия, 5 желтоқсан 2011 жыл.
майданы» партиясын құрып, елдегі наразылық шараларын басқарды.

«Ал осы жазда сөз бостандығының нышандарына айналған өнер галереясында тінту жүргізіп, музыканттар мен саясат тақырыбына әзіл айтатын артистердің концертін болдырмай тастады. Египетте салафиттер өткен жылы тез арада саяси партияларын құрып, қаңтарда өткен сайлауда парламенттегі орынның 25 пайызын жеңіп алды. Салафиттер Сириядағы бүлікте де ықпалын күшейтіп келеді. Алжир, Бахрейн, Кувейт, Ливия, Йемен және Палестина елдерінде олардың өз саяси партиялары не фракциялары жұмыс істейді» деп жазады мақала авторы Робин Райт.

ВАХХАБИЗМ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ ИСЛАМШЫЛ ПАРТИЯЛАР

Робин Райттың айтуынша, салафиттер — исламдағы күшті қарқынмен дамып келе жатқан қозғалыстарының бірі ғана.

«ХХІ ғасырдағы қаптап кеткен ислам қозғалыстары ХХ ғасырдағы социалистік ағымдарды еске салады. Бірақ кейбір исламистер Батыстың мүдделері мен құндылықтарына басқаларға қарағанда көбірек қатер төндіріп тұр. Мәселен, салафиттер азшылық топтар мен әйелдердің құқықтарын сақтауға қырын қарайды» дейді автор.

Америкалық зерттеушінің тұжырымы бойынша, салафиттерге рух беріп, демеп отырған — Сауд Арабиясында кең тараған сүннит мұсылман ваххабистер.

«Саудтықтардың барлығы ваххабист емес, сол сияқты салафиттердің барлығы бірдей ваххабистерді қолдай бермейді. Бірақ ваххабизм ілімі негізінен
"Мұсылман бауырлар" ұйымы мен салафиттердің жақтастары Каирдегі Тахрир алаңында шеру өткізіп тұр. Египет, 13 сәуір 2012 жыл.
"Мұсылман бауырлар" ұйымы мен салафиттердің жақтастары Каирдегі Тахрир алаңында шеру өткізіп тұр. Египет, 13 сәуір 2012 жыл.
салафизммен үндес. Сондықтан көп арабтар «ваххабистер отыз жыл бұрынғы Оңтүстік Азиядағы медреселерді қаржыландыру арқылы «Талибанды» өсіріп шығарғаны сияқты, енді саясатқа жаңа араласа бастаған салафиттерді қолдап-қорғаштау арқылы болашақта ықпалын күшейтпек» деп үрейленеді» дейді Робин Райт.

Бір жылдан бері Египетте, Тунисте және Мароккода өткен сайлауларда жеңіске жеткен ірі, заманауи исламшыл партиялармен салыстырғанда, салафиттер адамдардың саяси және жеке құқықтарына көп шектеу қояды деп санайды газет сарапшысы. Оның айтуынша, салафиттердің Египетте сайлауға түскен «Әл-Нури» партиясы мектептерде ұлдар мен қыздардың бөлек оқытылуын қолдайды.

Маманның сөзіне қарағанда, «заманауи исламшыл партиялар салафизм факторынан үрейленеді».

«Салафиттер бізді ығыстырғысы келеді» дейді газетке берген сұхбатында Тунистегі билеуші партия – «Еннаһданың» негізін қалаған саясаткер Рашид әл-Ғаннучи.

«Салафиттер жаңа конституцияның жобасын жасауға қарсы. Олардың айтуынша,
Салафит шеруші Құран ұстап тұр. Тунис, 23 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Салафит шеруші Құран ұстап тұр. Тунис, 23 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Құран конституцияның рөлін атқаруы керек» дейді «Еннаһда» партиясының мүшесі, Тунистің құрылтайшы ассамблеясының төрағасының орынбасары Мерһезия Лабиди.

«Салафиттер сүнниттер мен шииттер арасындағы алауыздықты өршітіп, «Шиит жарты айының» ықпалын азайтып жатыр. Бұл терминді 2004 жылы шииттер билеген Иранның Ирак, Сирия және Ливан елдеріне ықпалын суреттеу үшін Йордания королі Абдалла ойлап тапқан. Екі ағым арасындағы алауыздық өліара кезеңде тұрған елдерді тайталас алаңына айналдыра ма деген үрей бар» дейді сарапшы Робин Райт.

БАТЫС ПЕН АҚШ

«Салафиттер Батыс үшін күрмеуі қиын мәселеге айналды. Себебі исламшыл партиялардың ішіндегі Батысқа қырын қарайтыны – солар. Олар зайырлы халықты
Полицейлер салафиттердің рухани басшысы Ибрахим Абу Нагидің үйіне келіп тұр. Германия, 14 маусым 2012 жыл.
Полицейлер салафиттердің рухани басшысы Ибрахим Абу Нагидің үйіне келіп тұр. Германия, 14 маусым 2012 жыл.
да, дін жолындағыларды да баяғы тоңмойын қалыпқа қайта түсіруге күш салып бағады» деп жазады The International Herald Tribune.

Мақала авторының айтуынша, «соңғы 60 жылда автократ басшыларды қолдап келген АҚШ-тың саясаты енді ғана өзгеріске ұшырап жатыр. АҚШ Тунис, Египет, Ливия, Марокко және Йемендегі халық көтерілісін және сайлау ережелеріндегі өзгерістерді қолдады».

«Бірақ Вашингтон Сауд Арабиясы сияқты монархияларды қолдап, олардың реформа жасау жөніндегі жалған уәделеріне көз жұма қарап келеді, тіпті кейде оларды қорғайтынын да ашық білдіріп жатады» дейді автор.

«Америка бейбітшілік институтының» ислам жөніндегі маманы Робин Райт «мұнайға деген қажеттілік пен Ираннан келетін қауіпті ескере отырып, сыртқы саясаттың айлалы болғаны орынды» екенін айта келе: «Бірақ мұндағы бір қиын нәрсе – АҚШ-тың болашақ ұстанымы салафизм дүниеге келген әрі оның бекінісіне айналған аймақпен, олардың жаңа тәртіпті қалыптастыруға қатысты көзқарастарымен байланыста қарастырылатын болады» деп тұжырымдайды мақаласын.
XS
SM
MD
LG