Accessibility links

Ұлыбритания соты Әблязовтің үкімін күшінде қалдырды


Қуғындағы саясаткер, бизнесмен Мұхтар Әблязов.
Қуғындағы саясаткер, бизнесмен Мұхтар Әблязов.
Ұлыбританияның апелляциялық соты жоғарғы соттың қуғындағы саясаткер, банкир Мұхтар Әблязовке қатысты 22 айға түрмеге қамау туралы 16 ақпанда шығарған шешімін күшінде қалдырды. Сот оны "сотты құрметтемеді" деп 22 айға соттап, активтерін құрсаулауға үкім еткен еді.

Мамыр айында жоғарғы сот Әблязовтің аталған сот үкіміне шағымдануға рұқсат берген.

Бүгін Ұлыбританияда Әблязов "БТА банкін" басқарып тұрған кезде көп мөлшерде қаржы жымқырды" деген айып бойынша қозғалған істі тыңдау басталады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, істі қарау 14 аптаға созылмақ. Саясаткер кінәлі деп танылған жағдайда, "БТА банкі" Ұлыбританиядағы оған тиесілі активтерді тәркілеуге хақылы болады.

Мұхтар Әблязов 2009 жылы "БТА банкі" мемлекет меншігіне қайтарылғаннан соң Лондонға кетіп қалды. Қазақстан үкіметінің сұранысы бойынша Ұлыбританияда оның үстінен "5 миллиард АҚШ долларын жымқыру" дерегі бойынша іс қозғалды. Банкир өзіне қатысты қозғалған істердің саяси астары бар деп санайды. Қазір оның қайда екені белгісіз.
XS
SM
MD
LG