Accessibility links

Қазақстанда француз көліктері құрастырылмақшы


Peugeot 207 көлігі. Көрнекі сурет
Peugeot 207 көлігі. Көрнекі сурет

Бірқатар әлемдік БАҚ "франциялық PSA Peugeot Citroen компаниясы Қазақстанда автокөліктерін құрастырмақ" деп хабарлады.

Наурыздың басында «Рейтерде» жарияланған ақпаратта «келісім бойынша Францияда жаңадан 300, ал Қазақстанда 150 жұмыс орны ашылады. Келісім негізінде Франция көліктерін Қазақстанда құрастырады» деп жазылған.

ЖЫЛЫНА ТӨРТ МЫҢ КӨЛІК

«Рейтердің» жазуынша, PSA Peugeot Citroen Ресейдің «ЗИЛ» компаниясымен де бірігіп, машина құрастыру үшін келісім-шарт жасасып жатыр. Оған қоса компания Еуропадағы автокөлік саудасының жүрмей қалуына байланысты Франциядағы бір мың жұмыс орнын қысқартуды жоспарлап отыр.

Ал Францияның Lepoint.fr порталы Қазақстан мен Франция арасындағы келісім наурыз айының 7-і күні жасалғанын жазады.

«Екі жақты кездесуге Франция ішкі сауда министрі Николь Брик пен Қазақстан индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов қатысты. Франция Орталық Азия елінде басында төрт мың, кейін келе он мың көлік құрастыруды жоспарлап отыр» деп хабарлайды француз басылымы.

ФРАНЦУЗ КӨЛІКТЕРІ ҚОСТАНАЙДА ҚҰРАСТЫРЫЛАДЫ

Қазақстан индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда француз көліктерін «Агромаш-холдинг» зауыты құрастырады. Ал зауыттың ресми хабарламасында «Peugeot 301, Peugeot 3008, Peugeot 508, Peugeot Partner көліктері Қостанай қаласында дайындалады» деп жазылған.

Тағы бір Франция басылымы - Le Figaro «Peugeot көліктері Қазақстанға Ренн және Сошо қаласындағы зауыттардан жартылай құрастылырған күйінде жіберіледі» деп жазады.

Француз тіліндегі Boursorama.com порталы «Бұл келісім арқылы Франция Кеден Одағы елдеріндегі шетелдік көліктерді кіргізу үшін баж салығынан құтылады. Франция дайын өнімдерін Қазақстанға алып келгенде салық көбейіп кетеді. Оның орнына жартылай құрастырылған көлікті апарып, сонда дайындағанда шығын аз болады» деп түсіндіреді.

Lepoint.fr порталының мәліметіне сүйенсек, Франция мен Қазақстан арасындағы сауда байланысы 2012 жылы 5,8 миллиард еуроға жеткен. Қазақстанға шетелден келетін өнімдердің 1,3% Францияға тиесілі. Европалық ел Қазақстан нарығында импорт бойынша он екінші орын алады. Бұдан бөлек, Франция Қазақстанға жыл сайын 7,9 миллиард доллар инвестиция құяды. Франция Қазақстан экономикасына инвестиция құюдан Голландия мен АҚШ-тан кейін үшінші орын алады.
XS
SM
MD
LG