Accessibility links

Жармахан Тұяқбай «өз партиясын» бөліп алды


Жармахан Тұяқбай, ЖСДП төрағасы. Алматы, 20 наурыз 2013 жыл.
Жармахан Тұяқбай, ЖСДП төрағасы. Алматы, 20 наурыз 2013 жыл.

ЖСДП партиясының съезіне бір топ журналист пен партия төрағасының орынбасары кіре алмай қалды.

Наурыздың 20-сы күні Алматы қаласындағы «Көктөбе» санаторийінде Жармахан Тұяқбай жетекшілік ететін жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) кезекті съезі өтті. Осы партия мүшесі Петр Своиктің айтуынша, бұл съезде ЖСДП-ның жаңа бағдарламасы қабылданған, яғни бүгіннен бастап «ЖСДП жаңа социал-демократиялық платформада жұмыс істемек».

Алайда жиыннан кейінгі баспасөз брифингінде ЖСДП-ның жаңа бағдарламасы емес, оның "Азат" партиясымен «ажырасуы» көбірек сөз болып, журналистер тарапынан да осы бағыттағы сауалдар көбірек қойылды.

«ПАРТИЯНЫҢ ІШІНДЕГІ ТОП»

2009 жылдан бастап «Қазақстанның саяси-оппозициялық кеңістігіндегі біріккен оппозициялық партия» ретінде көрінуге тырысып келген жалпы ұлттық социал-демократиялық «Азат» партиясының ресми түрде қайта бөлінетіні туралы соңғы кездері жиі айтылып жүрген қауесеттен кейін ЖСДП партиясының кезекті съезіне баспасөз өкілдері көбірек назар аударғаны байқалды.

Бірақ Азаттық тілшілері съезд өтіп жатқан «Көктөбе» санаторийінің алдына келгенде бірқатар басылым журналистерінің съезге кіргізілмей тұрғанына куә болды. Арнайы күзетшілер Азаттық тілшілерін де кіргізе алмайтынын айтып бас тартты.

Дегенмен съезге кіре алмай тұрғандардың қатарында тек журналистер ғана емес, осы партия төрағасының бірінші орынбасары Әміржан Қосанов та бар болып шықты. Есік алдында журналистерге сұхбат берген ол не себептен сыртта қалып қойғанын түсіндіріп берді.

Әміржан Қосанов, ЖСДП төрағасының орынбасары. Алматы, 20 наурыз 2013 жыл
Әміржан Қосанов, ЖСДП төрағасының орынбасары. Алматы, 20 наурыз 2013 жыл

- Бұлар мені съезде сөйлеп, төрағалыққа ұмтылады деп қорыққан сияқты. Бірақ Қазақстан оппозициясында жетекшілікке ұмтылмаған, ұдайы көлеңкеде қалып, бірлікті ойлап келе жатқан саясаткердің бірі мен. Қазақстан оппозициясында бәрі президент болғысы келеді, бәрі жетекші болғысы келеді. Біз демократияға Назарбаевты шақырсақ, онда өз партиямызда тоталитаризм принциптерін ұстануымыз дұрыс емес. Мені съезге кіргізбеуі – қазір басшылықта отырған азаматтардың бетінің ашылуы. Яғни саяси пікірталастан, ашық әңгімеден, бәсекеден қашу. Бұлар қаншама қиындықпен құрған партиямыздың абыройын айрандай төгіп отыр. Мұны жасап отырған партияның ішіндегі топ. Өкініштісі, сол топтың басшысы Жармахан Тұяқбай болуы мүмкін, - деді ол.

Әміржан Қосанов партия төрағасы Жармахан Тұяқбаймен арадағы келіспеушілік бір жылдан бері жалғасып келе жатқанын, өткен жылдың тамызында онымен кездесіп, бірлікке шақырғанын айтады. Оның сөзінше партия төрағасымен телефон арқылы сөйлесе алмаған, ал съезден бірер күн бұрын көмекшісі хабарласып, съезге келмей-ақ қоюын өтінген.

- Бүгін мені қызметімнен алар, бірақ ЖСДП қатарында қала беремін. Өйткені бұл бір жіктің, топтың партиясы емес, халықтың партиясы, - деп тоқтады Әміржан Қосанов.
Ермек Нарымбаев, қоғамдық белсенді. Алматы, 20 наурыз 2013 жыл
Ермек Нарымбаев, қоғамдық белсенді. Алматы, 20 наурыз 2013 жыл

Осы съезге шақырылса да кіре алмай сыртта қалғандардың бірі «Ұлы дала» қозғалысының төрағасы Ғабиден Жәкеев екен. Оның сөзінше де ЖСДП-ның «бетпердесі ашылған».

Съезге кірмеген қоғамдық белсенді Ермек Нарымбаев «бұл съезд - «Азат» пен ЖСДП-ның «ажырасқанын» рәсімдейтін съезд» деген баға берді.

- Екі партияның біріге алмауына Әділет министрлігі де «көмектесті». Мұнан кейін Болат Әбілев өз партиясымен, Жармахан Тұяқбай өз партиясымен жұмыс істейді. Дегенмен екеуінен де күдер үзбеймін, әлі де елге пайдалы нәрселер жасай алады деп ойлаймын, - деді ол.

Саясаттанушы Андрей Чеботарев «ЖСДП-ның өз идеологиясын анықтап алғаны дұрыс болды» деп санайды.

- Партия қалай аталса да, бірігуге болатын еді. Бұл жерде ешқандай идеология да, саясат та жоқ, мәселе партия жетекшілерінің арасындағы қайшылықта. Бұл партияның болашағы енді социал-демократиялық платформада өзін қалай көрсететіне байланысты, - деді ол.

«ӘРКІМ ӨЗ ЖОЛЫМЕН ЖҮРСІН»

Съезд аяқталған соң сыртқа шыққан делегаттар ЖСДП-ның жаңа бағдарламасы қабылданғанын, басқа мәселе талқыланбағанын айтып жатты. ЖСДП-ның Жамбыл облысы Жамбыл аудандық бөлімшесінің төрағасы Олжас Ахатаев «Әміржан Қосановтың не себептен кіргізілмегін білмей» таңырқап қалды.

Съезден соң ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай бастаған бірқатар партия басшылары баспасөз брифингін өткізді. Брифингтегі әуелгі сұрақ бірқатар басылым журналистерінің не себептен съезге кіргізілмегеніне арналып, журналистер мен партия жетекшілерінің арасындағы «кішігірім дауға» ұласты.
«Ақпарат құралдарын алалаған жоқпыз» деген Жармахан Тұяқбай сол арада көмекшісін шақырып сұраған еді, ол барлық кінәні күзетшілерге артып құтылды.
Жармахан Тұяқбай екі партияның бірігуіне кінәлі фактор ретінде билікті атады.

Андрей Чеботарев, сарапшы. Алматы, 20 наурыз 2013 жыл
Андрей Чеботарев, сарапшы. Алматы, 20 наурыз 2013 жыл

- Арамызда түсініспеушілік болмады деп айта алмаймын, бірақ оны басты себеп деуге болмайды. Әділет министрлігі «егер біріккілеріңіз келсе «Азат» партиясының съезін қайтадан өткізіңдер» деген талап қойды, бірақ «Азат» қайта съезд өткізгісі келмеді. Сондықтан іс жүзінде бірікпеген партияның атын жамылып бұдан әрі жүре алмадық. Жұртшылық партияның атынан шатасты. «Тіркелмеген партияның атауын алды» деген желеумен ЖСДП партиясының да жабылып қалуы мүмкін, сондықтан әркім өз жолымен жүрсін деген шешім қабылдадық, - деді Жармахан Тұяқбай.

«ҚОСАНОВ ПАРТИЯ МҮШЕСІ МЕ, ЖОҚ ПА?»

ЖСДП төрағасының бірінші орынбасары Әміржан Қосановтың съезге кіргізілмеуі баспасөз брифингіндегі негізгі тақырыптардың біріне айналды.

- Соңғы бір жылда Әміржан Қосанов партия жұмысына қатысқан жоқ. Партия жарғысына сай келмейтін ұсыныстар айтқаннан кейін онымен бір жыл бойы келіссөз жүргізілді. Партияның съезд алдындағы конференциясына келмеді, - деді Жармахан Тұяқбай.

«Әміржан Қосановтың былтыр тамыз айынан кейін Жармахан Тұяқбаймен кездесе алмай жүргенін және өзінің билік тапсырмасын орындап жүргенін» журналистерден естіген ол мұны «қараңғы бөлмеден қара мысықты іздеуге» балады.
Петр Своик, ЖСДП мүшесі, саясаткер. 20 наурыз 2013 жыл
Петр Своик, ЖСДП мүшесі, саясаткер. 20 наурыз 2013 жыл

Осы кезде сөзге қосылған Балташ Тұрсымбаев «Әміржан Қосанов ЖСДП мүшелігінен баяғыда-ақ шығарылғанын» тоқетер сөз ретінде кесіп айтқан еді, әріптесі Болат Әбішев «Қосанов әлі де партия мүшесі» деп дереу түзету енгізіп тастады. Бірақ Балташ Тұрсымбаев «түзету енгізбеңіз, дұрысы солай» деп қарсы болды.

Бұрынғы мәжіліс депутаты Болат Әбішевтің сөзінше «басқа-басқа, Әміржан Қосанов партия жарғысын жақсы білуі тиіс».

- Съезге қатысатын адам әуелі делегат болып сайлануы керек. Біз оны шақырдық. Шақырғанның бірі – мына мен. Кезедесетін уақытты өзі белгіледі, бірақ оған да келмеді. Делегат болмағаннан кейін съезге де кіргізілмейді, - деп «сыртта қалған» Әміржан Қосановтың жай-жапсарын түсіндірді.

Әбішевтің сөзінше, Қосанов партиядан шығарылмаған.

- Неге делегат болмайды? Кім оған қарсы болды? Енді «съезге келем де, тас-талқандарыңды шығарамын» дейді. Біз соған көніп отыруымыз керек пе? - деп ашуланып тоқтады Жармахан Тұяқбай. Брифинг соңында Жармахан Тұяқбай Болат Әбілевпен де, Әміржан Қосановпен де «жау емес екенін», бірігіп жұмыс істеуге тура келетінін айта кетті.

- Өйткені бәріміздің мақсатымыз – бір, - деп аяқтады сөзін Жармахан Тұяқбай. Бірақ ЖСДП төрағасы оның не мақсат екенін ашып айтып жатпады.

«ТІРКЕЛМЕГЕН ПАРТИЯ»

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 2006 жылы қыркүйек айында «Әділетті Қазақстан» қозғалысының негізінде құрылып, Жармахан Тұяқбай төрағасы болып сайланған еді. 2007 жылы ақпанда Әміржан Қосанов партия төрағасының орынбасары болып сайланды.

Партия 2007 жылы өз құрамына «Нағыз Ақжол» партиясының мүшелерін қосып, мәжіліс сайлауына қатысты. Арада екі жылдан кейін, яғни 2009 жылы қарашада «Нағыз Ақжолдың» құқықтық мұрагері «Азат» партиясымен бірігіп, жалпыұлттық социал-демократиялық «Азат» партиясының құрылғанын жариялады.

Әділет министрлігінің тіркеуінен өтпеген біріккен партияның тең төрағалары ретінде Жармахан Тұяқбай мен Болат Әбілев аталып, бас хатшылығына Әміржан Қосанов бекітілген еді.

Соңғы бір жылдың ішінде партия жетекшілерінің арасында түсініспеушілік пайда болғаны және екі саяси ұйымның қайтадан ірге ажыратуы мүмкін екені туралы түрлі болжам айтылған болатын. «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілевпен бұл мәселе бойынша сұхбаттасу мүмкін болмады. Азаттық тілшісінің саясаткермен хабарласпақ болған барлық әрекеті нәтижесіз аяқталды.
XS
SM
MD
LG