Accessibility links

Нақпаевтың "моральдық және материалдық шығыны" өтеледі


Атырау облысы әкімдігі ғимараты. (Көрнекі сурет).
Атырау облысы әкімдігі ғимараты. (Көрнекі сурет).
Атырау облысы әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев кезінде өз үстінен қозғалған іске байланысты мемлекеттен моральдық және материалдық шығын ретінде 10 миллион 100 мың теңге өндіріп алды деп хабарлайды жергілікті "Ақ Жайық" басылымы.

Сәлімжан Нақпаев 2010 жылдың маусымына дейін сол кездегі облыс әкімі Бергей Рысқалиевтің орынбасары болған еді. Бұдан соң ол "Аджип ККО" компаниясына жұмысқа ауысқан. Ол 2012 жылдың сәуірінде қылмыстық кодекстің 327-бабы 3-тармағы бойынша ("өз бетінше билік ету") айыпты деп танылып, 4 жылға сотталған. Бірақ сол жылдың қыркүйегінде жоғарғы сот оны ақтаған. Ал биыл ақпанда ол қайтадан облыс әкімінің орынбасарлығына тағайындалды.

Сот шешімі бойынша, Нақпаевқа "заңсыз сотталғаны үшін" төленетін өтемақы республикалық бюджеттен беріледі.

Былтыр бас прокурор Асхат Дауылбаев Сәлімжан Нақпаевтың тамыз айында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдаған "арызы" бойынша Атырау облысында заңның сақталуына қатысты тергеу амалдары басталғанын хабарлаған.

2012 жылы жазда Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев қызметінен кеткен соң көп ұзамай облыста бір топ шенеунік ұсталып, оларға қарсы "бюджет қаржысын жымқыру" айыбы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ал биыл 24 қаңтарда Бергей Рысқалиевты тұтқындауға санкция берілді.
XS
SM
MD
LG