Accessibility links

Бостон соты Робел Филлипосты кепілге босатты


Жарылысқа көңіл білдірген жазулар. Бостон, 23 сәуір 2013 жыл.
Жарылысқа көңіл білдірген жазулар. Бостон, 23 сәуір 2013 жыл.
Бостонда мамырдың 6-сы күні өткен сот тыңдауында АҚШ азаматы Робел Филлипосты 100 мың долларға кепілге босату туралы шешім қабылданды. Енді ол сот аяқталғанша үйқамақта ұсталып, жүріс-тұрысын құқық орындары электронды білезік арқылы бақылап отырады.

19 жастағы Робел Филлипос Бостондағы жарылысқа күдікті Джохар Царнаевтың әрекетін жасырмақ болды деп айыпталған үш адамның бірі. Оған «тергеушілерге жалған мәлімет берді» деген айып тағылған. Егер сот Филлипосты кінәлі деп тапса, ол сегіз жылға дейін бас еркіндігінен айрылуы мүмкін.

Ал Царнаевтың ісіне қатысты ұсталған тағы екі адам - Қазақстан азаматтары Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов қамауда отыр. Ол екеуіне «тергеу ісін шатастырмақ болды» деген айып тағылған. Оларға қатысты келесі сот отырысы 14 мамырда өтеді.

Сәуірдің 15-і күні ​Бостон қаласында дәстүрлі түрде өтетін марафон кезінде бомба жарылып, 3 адам мерт болып, 260 адам жараланған еді.

Арада бірнеше күн өткенде полиция ағайынды Тамерлан мен Джохар Царнаевтардың ізіне түсті. Тамерлан Царнаев сәуірдің 18-і күні полициямен атыс кезінде оққа ұшты, ал сәуірдің 19-ы күні қала шетінде тірідей қолға түскен Джохар Царнаев қазір қамауда отыр.
XS
SM
MD
LG