Accessibility links

Ахмедьяровқа жасалған қастандық бойынша сот басталды


Журналист Лұқпан Ахмедьяров Азаттықтың Алматы бюросында отыр. 22 қазан 2012 жыл.
Журналист Лұқпан Ахмедьяров Азаттықтың Алматы бюросында отыр. 22 қазан 2012 жыл.
Орал қаласында Лұқпан Ахмедьяровқа жасалған қастандыққа қатысты сот отырысы басталды. Бұл туралы Ахмедьяров Twitter-дегі парақшасында хабарлады.

2012 жылы 19 сәуір күні «Уральская неделя» газетінің тілшісі Лұқпан Ахмедьяровты Қазақстанның батысындағы Орал қаласында, үйінің алдында біреулер тапаншамен атып, бірнеше жерден пышақтап кетті. Ол ауыр жағдайда ауруханаға түсіп, аман қалған.

Ахмедьяровтың хабарлауынша, сот отырысына әуелде журналистердің қатысуына рұқсат етілмеген. "Сот журналистерді ішке кіргізді, бірақ оларға фото мен видео түсіруге рұқсат етпеді" деп жазады ол.

Қылмыстық іске қатысты 23 пен 34 жас аралығындағы төрт адам айыпталып отыр. Олар: Асхат Тахамбетов, Алмаз Батырхаиров, Манарбек Ақболатов және Мүрсәлім Сұлтангереев. Бұл іске қатысты алғашқы сот тыңдауы 29 сәуірде өтті.

Бұл іске қатысты 4 адамның ұсталғанын прокуратура алғаш рет 2012 жылы желтоқсан айында хабарлады.

Прокуратура өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков сол жолы «Шабуыл жасаған барлық үш адам және шабуылды ұйымдастырған, бұрын сотталған жергілікті қылмыстық топтың мүшесі ұсталды. Қылмысты жасағандар кінәсін мойындады, Ахмедьяров та оларды өзіне шабуыл жасағандар деп таныды. Оқиғаға қатысты қылмыстық кодекстің 96-бабы бойынша («кісі өлтіру, яғни өзге адамды құқыққа қайшы әрі саналы түрде өлтіру») іс қозғалды» деген еді.

Журналистің өзі шабуылды кәсіби қызметімен байланыстырған.

Оралдық журналист, қоғамдық белсенді Лұқпан Ахмедьяров шенеуніктер мен лауазымды тұлғаларды сынап жазған мақалалары және олар туралы түрлі деректер жариялағаны үшін 12 рет сотқа тартылды. Оның 11-інде лауазымды тұлғалар жеңіп шыққан. Мәселен 2012 жылы Батыс Қазақстан облысы шенеуніктері тарапынан түскен арыздардың нәтижесінде «Уральская неделья» газеті мен оның журналисі Лұқпан Ахмедьяровтан талап етілген төлемақы 28 миллион теңгеге жеткен.

Front Line Defenders, Human Rights Watch сияқты халықаралық құқық қорғаушы және жергілікті ұйымдар 2012 жылға арналған есептерінде журналист Лұқпан Ахмедьяровқа және басқа да журналистерге жасалған шабуылдарды Қазақстандағы сөз бостандығын шектеудің мысалы ретінде атап көрсетеді.
XS
SM
MD
LG