Accessibility links

Рамзан Қадыров: ФБР Тодашевты негізсіз өлтірді


FBI агенті атып өлтірген этникалық шешен Ибрагим Тодашев.
FBI агенті атып өлтірген этникалық шешен Ибрагим Тодашев.
Шешенстан президенті Рамзан Қадыров АҚШ-тың федералдық тергеу бюросын (FBI немесе ФБР) "Бостон марафонындағы жарылысқа күдікті Тамерлан Царнаевпен байланысы бар делінген этникалық шешен Ибрагим Тодашевты негізсіз атып тастады" деп айыптады.

Қадыров Ибрагим Тодашевтың "жақсы азамат" болғанын айтады. Ол Грозный қаласының әкімшілігінде қызмет істейтін Тодашевтың әкесін "парасатты адам" дейді. Шешенстан басшысы өзін "адам құқықтарын бұзады" деп сынайтын АҚШ пен Батыстық ақпарат құралдарын "қос стандарт саясатын ұстанады" деп айыптады.

ФБР баспасөз қызметі тергеуші агентінің Ибрагим Тодашевты 22 мамырда тергеу кезінде өзара жанжал туып, атып тастағанын хабарлаған еді. ФБР "Тодашев тергеуде агенттің өміріне қауіп келтіретіндей доңайбат көрсетті" деген.

Тодашев 2011 жылы Массачусетсте үш адамды өлтіріп кету оқиғасына қатысты іс бойынша тергеліп жатқан. Тергеушілер үш адамның өліміне Бостон марафонындағы жарылысқа күдікті Тамерлан Царнаевтың да қатысы болуы мүмкін деген.

Сәуірдің 15-і күні Бостон қаласында марафон кезінде бомба жарылысынан 3 адам мерт болып, 260-тан астам адам жараланды. Полиция жарылысқа күдіктілер ретінде ағайынды Тамерлан мен Джохар Царнаевтарды атады. Тамерлан Царнаев сәуірдің 18-і күні полициямен атыс кезінде оққа ұшты. Ал Джохар Царнаев сәуірдің 19-ы күні Бостон қаласының маңында ұсталып, қазір қамауда отыр.
XS
SM
MD
LG