Accessibility links

Шекарашылар отбасына өтемақы төлене бастады


Солдан оңға қарай: қаза тапқан шекарашы Нұрланбек Мұқашевтің анасы мен әпкесі, тірі қалған жалғыз шекарашы Владислав Челахтың анасы және қаза тапқан шекарашы Жанат Ілиясовтың анасы. Алматы, 5 ақпан 2013 жыл.
Солдан оңға қарай: қаза тапқан шекарашы Нұрланбек Мұқашевтің анасы мен әпкесі, тірі қалған жалғыз шекарашы Владислав Челахтың анасы және қаза тапқан шекарашы Жанат Ілиясовтың анасы. Алматы, 5 ақпан 2013 жыл.
Арқанкерген шекара бекетіндегі оқиғадан бері бір жыл өткен соң қаза тапқан шекарашылардың туыстарына өтемақы беріле бастады. Бұл туралы Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) баспасөз қызметіне сілтеме жасап, Tengrinews.kz агенттігі хабарлады.

"Өтемақы 14 отбасыға беріледі. Бес жанұяға қазірдің өзінде өтемақы жіберілді. Қалғандарының құжаттары жасалып жатыр, оларға өтемақы жақын күндері беріледі" дейді ҰҚК.

Бұған дейін Арқанкергенде қаза тапқан шекарашы сарбаздар отбасына 800 мың теңге, ал келісім-шартпен қызмет істеген әскери қызметкерлер мен офицерлер отбасына бес жылдық жалақысының көлеміндегі өтемақы төленетіні хабарланған еді.

2012 жылғы мамырдың 30-ы күні Алматы облысында қазақ-қытай шекарасында орналасқан Арқанкерген шекара посты түгел өртеніп, сол маңнан 14 шекарашы мен бір қорықшы - барлығы 15 адамның мәйіттері табылғаны мәлім болды. Бұл қылмысқа қатысты сол шекара бекетінде қызмет еткендерден тірі қалған жалғыз шекарашы - 19 жастағы Владислав Челах айыпты деп танылып, сот оны өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
XS
SM
MD
LG