Accessibility links

Guardian-ға құпияны ашқан агенттің қайда екені белгісіз


Эдвард Сноуден, АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің қызметкері. 6 маусым 2013 жыл.
Эдвард Сноуден, АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің қызметкері. 6 маусым 2013 жыл.
АҚШ үкіметінің миллиондаған адамдардың телефондағы әңгімелері мен онлайн деректеріне бақылау жасайтын құпия бағдарламасын әшкерелеген агент Эдвард Сноуденнің қазір қайда екені белгісіз. Кейбір ақпараттарға қарағанда, АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінде келісім-шарт бойынша қызмет істейтін Эдвард Сноуден Гонконгта тұрған қонақүйінен кетіп қалған.

Бұған дейін Washington Post пен ұлыбританиялық Guardian басылымдары АҚШ үкіметтік мекемелеріне елдегі жетекші интернет компаниялары өз серверлеріне кіріп, түрлі құжаттар мен ақпараттар алуға рұқсат еткені туралы жазған еді.

Кейін Guardian газеті ақпаратты агент Эдвард Сноуден бергенін және аты-жөнін жариялауды өзі сұрағанын хабарлаған.

Гонконгта берген сұхбатында 29 жастағы америкалық Сноуден "әлемдегі адамдардың негізгі құқықтарын қорғау және шындықты ашу үшін" құпия бағдарлама туралы ақпаратты жариялағанын айтқан. Ол Исландиядан саяси баспана сұрауы мүмкін екенін де білдірген.

Бірқатар америкалық конгресмен Сноуденді АҚШ-қа қайтарып, айып тағуды талап еткен. Ақ үй бұл жағдайға қатысты түсінік беруден бас тартты. Бірақ тергеу жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG