Accessibility links

Балқан мұсылмандары Сирияда соғысып жүр


"Сирияны азат ету армиясының" жауынгерлері. Дамаск түбі, 31 қаңтар 2013 жыл
"Сирияны азат ету армиясының" жауынгерлері. Дамаск түбі, 31 қаңтар 2013 жыл

Балқан елдерінің кейбір салафи мұсылмандары Башар әл-Асад режимімен соғысып жатқан көтерілісшілерге көмектесу үшін Сирияға аттанған.

Эльдар Кундакович мамыр айында сириялық көтерілісшілерді түрмеден босату үшін соғысып жүріп гранатадан қаза тапқан. Ол - Сириядан немесе кейбір азаматтары көтерілісшілерге қосылған көршілес араб елдерінен емес, Сербиядан келген жауынгер еді. Эльдар Кундакович негізінен босниялық мұсылмандар мекендейтін Санджак ауданының Нови-Пазар қаласынан келген. Интернетке жарияланған оның қазасы туралы дерек Балқан түбегінен жас мұсылмандардың Сирия көтерілісшілеріне қосылып жатқанын байқатады.

САЛАФИЛЕРГЕ ҚОСЫЛҒАНДАР

Азаттық радиосы Таяу Шығысқа аттанған Балқан мұсылмандырының түбектің қай елдерінен шыққанын анықтады. Ол елдер Сербия, Черногория, Босния мен Герцеговина, Косово мен Албания болып шықты.

Башар Асадқа жәрдемге келген Ливандағы шииттік «Хезболла» ұйымының мыңдаған сарбазымен салыстырғанда, Балқаннан көтерілісшілерге көмекке келген жауынгерлердің саны аз – бірнеше жүз шамасында ғана.

Балқан түбегінің жауынгерлері - көбінесе «Әл-Қаида» жиһадшылары ұстанатын әсіредіншіл ағым – салафизмді қабылдаған адамдар. Бірақ Балқан түбегіндегі салафилердің жетекшілері ешкімге үгіт-насихат жүргізіп, Сирияға аттануға шақырмағандарын айтады. Олар «сириялық бүлікшілерге көмекке кеткендер – жекелеген адамдар» дейді.
Босниялық мұсылмандар құлшылық жасап тұр.
Босниялық мұсылмандар құлшылық жасап тұр.

Бірақ Санджак ауданы діни басқармасы жетекшісінің орынбасары Ресад Пложович (Resad Plojovic) Балқан мұсылмандарын қатарына шақырып жатқан ұйымдар мен адамдар бар деп ойлайды.

- Кейбір орталықтар мен жеке азаматтар арнайы ұйымдармен байланыс орнатқан, олар адамды соғысқа баруға ынталандырады. Оларды майдан шебіне тасымалдау әдісін де білулері мүмкін. Шынын айтқанда, жергілікті тұрғындарының көбі Сирияның қайда екенін де білмейді, - деді ол.

Кундаковичтің әкесі ұлымен телефон арқылы соңғы рет наурыз айында сөйлескенін, ол кезде баласының Түркия арқылы Сирияға жеткенін айтты.

- Ұлым Санджактан барған 30 адаммен сириялық көтерілісшілерге қосылған, - дейді ол.
Адамдарды қатарына шақыратын заңсыз, жасырын ұйымдар бар. Жиналатын жерлері бөлек. Мешіттен бөлініп, өздері жеке рәсімдер жасайды.

Нови-Пазар тұрғыны Мина Жовисич:

- Ол күрт діншіл болып кетті, діни дәрістерге қатыса бастады, сосын өзі сияқты діншіл болып кеткендермен қатты араласатын болды, - дейді.

Нови-Пазарлық журналист Анель Грбович - Кундаковичтің мектептегі сыныптасы. Ол Санджактан шыққан жиһадшылардың Сербия мұсылмандарының ресми ұйымдарын жақтырмайтынын байқаған.

- Мәселен, адамдарды қатарына шақыратын заңсыз, жасырын ұйымдар бар. Жиналатын жерлері бөлек. Мешіттен бөлініп, өздері жеке рәсімдер жасайды. Яғни ислам қауымынан іргелерін аулақ салады. Адамдар осы ұйымдардың ықпалына беріліп кетеді, - дейді ол.

«СҮННИТ БАУЫРЛАРҒА КӨМЕКТЕСЕМІЗ»

Косово мен Македонияда сириялық көтерілісшілермен бірге соғысқан адамдар Азаттыққа «Асадтың режимін жеңу үшін сүннит бауырларға көмекке келгендерін» айтты.

Македониялық бір жауынгер сириялық топпен Венадағы «делдал» арқылы байланысқан. Мұндай байланыс орнатушылар салафилер болуы мүмкін. «Әл-Қаида» мен оның бөлімдері (Вашингтон террорлық топ санайтын «Әл-Нусра» көтерілісшілер тобы да соның ішінде) - салафизмнің негізгі идеологтары.

Босния – Герцеговина - Сауд Арабиясындағы фундаменталдық секта өкілдерінен қаржылай демеу алатын, Балқан түбегіндегі салафилер ықпалына түскен ел. Босниялық жауынгерлердің көбі Сириядағы «Әл-Нусра» ұйымына қосылды. Олардың туыстары Горни Маоса елді мекеніндегі салафилердің жетекшісі босниялық Нусрет Имамовичті жауынгер болуға үгіттеуші деп санайды. Имамович өзіне тағылған айыпқа қатысты сұхбат беруден бас тартты.
Балқан соғысында қаза болған жауынгерлердің кейіннен табылған мүрделерін жерлеп тұрған мұсылмандар.
Балқан соғысында қаза болған жауынгерлердің кейіннен табылған мүрделерін жерлеп тұрған мұсылмандар.

1992-1995 жылдары болған Балқан соғысында босниялық мұсылмандарға сербтермен соғысу кезінде көмекке келген шетелдік жиһадшылар осы салафилер еді. Босния мен Герцеговинаға орнығып қалған салафилерге Сауд Арабиясының салафи қауымы қаржылай көмек беріп келді.

Босния мемлекеттік тергеу агенттігінің директоры Горан Зубачтың айтуынша, босниялықтарды Сирияға таситын кем дегенде сегіз адам анықталған. «Салафилерді бақылап отырмыз» деген ол:

- Біздің басты мақсатымыз – терроршылармен күрес. Мемлекеттік тергеу агенттігі қызметкерлері өз міндетін жақсы біледі, - деді.

Милош Теодорович пен Рон Синовицтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан
XS
SM
MD
LG