Accessibility links

Египет әскері президентті биліктен шеттетті


Египеттің қорғаныс министрі Абдел Фаттах әл-Сиси теледидардан сөйлеп тұр. 3 шілде 2013 жыл
Египеттің қорғаныс министрі Абдел Фаттах әл-Сиси теледидардан сөйлеп тұр. 3 шілде 2013 жыл
3 шілде күні Египеттің қорғаныс министрі Абдел Фаттах әл-Сиси "президент Мұхаммед Мурсидің биліктен кеткенін" хабарлады.

Египеттің әскер басшылары 3 шілде күні ел конституциясының күшін жойып, жаңа президенттік сайлау өтетінін мәлімдеді.

Мұхаммед Мурсидің исламшыл үкіметіне қарсы бірнеше күн бойы шеруге шыққан миллиондаған египеттіктердің наразылығы оның биліктен кетуіне себеп болды.

Египет әскерінің басшысы Абдел Фаттах әл-Сиси жаңа президент сайланғанша Конституциялық кеңестің төрағасы президенттік жарлықтар шығаратынын, уақытша үкімет жасақталатынын мәлімдеді.

Жаңа сайлаудың қашан өтетіні туралы анық ештеңе айтылмады.

Мұхаммед Мурси Facebook парақшасында болған жағдайды "әскери төңкеріске" балап, бұл іс-әрекеттерді құптамайтынын жазды.

3 шілде күні қорғаныс министрі Абдел Фаттах әл-Сиси оппозициялық саясаткер Мухаммад Әл-Барадеимен, "Әл-Азһар" университетінің бас шейхімен және жергілікті христиандар қауымының жетекшісімен кездесті.

Сол күні Мурсидің жақтастары Каирдің шығыс бөлігіндегі Наср ауданына жиналған. Елдің ішкі істер министрлігі кез-келген тәртіпсіздікті қатаң түрде жазалайтынын мәлімдеді.

2 шілде күні Каирде болған қақтығыс кезінде 23 адам өлген еді. 30 маусым күні басталған қарсылық акциялары кезінде жалпы саны 39 адам қаза тапқан.
XS
SM
MD
LG