Accessibility links

Каирде 40 адамның оққа ұшқаны хабарланды


Каирдегі шабуыл кезінде жараланған адам. 8 шілде 2013 жыл
Каирдегі шабуыл кезінде жараланған адам. 8 шілде 2013 жыл
Египеттің денсаулық сақтау министрлігінің өкілі 7 шілде күні биліктен шеттетілген Мұхаммед Мурсидің кем дегенде 40 жақтасы оққа ұшып, 300 адамның жараланғаны туралы хабарлады.

Мурсидің жақтастары оқ атты деп қорғаныс министрлігін кінәлап жатыр.

Әскерилердің мәлімдеуінше, әуелі "қаруланған терроршы топ" республикалық күзет ғимаратының алдына жиналған Мурсиді қолдаушыларға оқ атқан. Демонстранттар бұрынғы Египет президенті осы ғимаратта қамауда отыр деп сенеді.

DPA агенттігі әскердің ғимаратқа басып кірмек болған "қарулы" 200 адамды тұтқындағаны туралы хабарлады.

Араб әлемінің ең ірі мемлекетінде қайта басталған бейберекеттік елдің саяси болашағына қайта қатер төндіріп тұр.

7 шілде күні болған шабуыл Мұхаммед Мурси биліктен шеттетілген соң бес күннен кейін жасалды. Өткен аптада мыңдаған демонстранттар Мурсиді "автократиялық исламшыл үкімет" құрды деп айыптап, оның экономикалық саясатына наразылық танытқан. Бұның соңы әскерилердің төңкеріс жасауына ұласқан.

Мурсиді қолдайтын "Мұсылман бауырлар" ұйымы өз жақтастарын төңкерісті мойындамауға, жаппай көтерілуге шақырған.
XS
SM
MD
LG