Accessibility links

Мұхтар Зимановтың ісі


Мұхтар Зимановтың қоғамдық қорғаушысы әрі әйелі Жанат Зиманова. Алматы, 11 шілде 2013 жыл.
Мұхтар Зимановтың қоғамдық қорғаушысы әрі әйелі Жанат Зиманова. Алматы, 11 шілде 2013 жыл.

Алматы апелляциялық соты академик Салық Зимановтың ұлы Мұхтар Зимановтың және алаяқтық бойынша айыпталушылардың ісін қарай бастады. Атышулы процесс «Қорғас ісіне» байланысты.

11 шілде, бейсенбі күні Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасында сотталған кәсіпкерлер – 62 жастағы Мұхтар Зиманов, 47 жастағы Қайрат Құсманов, 44 жастағы Ұлан Әубәкіров пен 32 жастағы Руслан Юсуповтың істері бойынша қорғаушылардың өтініші қаралды. Отырыс «Қытаймен шекаралас Қорғас кеденінде сыбайлас жемқорлықпен айналысып, қылмыс тобын (мафия) құрды» деп айыпталған бұл азаматтардың қатысуынсыз өтті.

Айыпталушылардың бірі Мұхтар Зиманов – қазақ заң ғылымының атасы саналатын, тәуелсіз Қазақстан алғашқы конституциялық заңдарын қабылдағанда басы-қасында болған академик Салық Зимановтың ұлы. Академик «Қорғас ісі» тексеріліп жатқан кезде көз жұмған.

АЙЫП

Сот 2013 жылдың 24 қаңтарында Мұхтар Зиманов, Руслан Юсупов, Ұлан Әубәкіров пен Қайрат Құсмановты ұзақ мерзімді бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдаған. Зиманов пен Юсупов - 13 жылға, Әубәкіров - 12
Алматы қалалық сотының судьясы Күлпаш Өтемісова. Алматы, 11 шілде 2013 жыл.
Алматы қалалық сотының судьясы Күлпаш Өтемісова. Алматы, 11 шілде 2013 жыл.
жылға, Құсманов - 11 жылға сотталған.

Оларға аты-жөні анықталмаған жоғары мәртебелі шенеунікке «Қорғас ісі» бойынша негізгі күдікті Талғат Қайырбаевты қамаудан заңсыз босатуға жәрдем етуі үшін ірі көлемде (500 мың доллар) пара бермек болған деген айып тағылған.

Зиманов, Юсупов және Әубәкіров «ауқымды алаяқтықпен айналысқан» деп те айыпталды. Төртеуі де 2012 жылдың 25 қаңтарында тұтқындалды, содан бері Алматыдағы оқшауланған тергеу камерасында жатыр.

Бірінші инстанция сот нұсқасы бойынша, «академик Салық Зимановтың ұлы Мұхтар Зиманов топпен бірлесіп, алаяқтық жолмен Қайырбаевтар отбасынан үш миллионнан астам доллар алған». Ол «Қорғас ісіндегі» негізгі күдікті Талғат Қайырбаевты босатуға көмектесуге уәде берген-міс. «Мұхтар Зиманов Талғат Қайырбаевты босату үшін жоғарғы биліктегі таныстарын іске араластырмақ болған» дейді сот.

АЛАЯҚТЫҚ ЖАСАЛҒАН, АЛ ЖАПА ШЕГУШІ ЖОҚ

Сот үкімінде Қайырбаевтар отбасының ешбір мүшесі аталмайды, жапа шегуші ретінде отбасынан ешкім де келмеген, ол әулет тарапынан Мұхтар Зимановқа немесе басқа айыпталушыларға қарсы материалдық шағым жоқ. Мұхтар Зимановтың қоғамдық қорғаушысы – әйелі Жанат Зиманова Азаттыққа құқықтық қайшылық туралы айтты: сот оның ерін алаяқтық жасады деп айыптайды, бірақ жапа шегушілер жоқ.

- Жапа шегуші жоқ. «Алаяқтық жасады» деген айып телефон әңгімелерін тыңдау арқылы қолдан құрастырылған, - дейді Жанат Зиманова.

Телефон әңгімелерінің жазбасына стенограмманың сай келмейтінін айтқан Жанат Зиманова «телефон әңгімелерінің стенограммасы да жалған» дей келе, ол жағдай
Прокурор Еркін Майшинов. Алматы, 11 шілде 2013 жыл.
Прокурор Еркін Майшинов. Алматы, 11 шілде 2013 жыл.
сотталғандардың халін барынша ауырлатқанын ескертеді.

11 шілдеде, апелляциялық соттың отырысында сотталғандардың қорғаушылары тарапынан барлық бейне және аудио жазбалардың фонографиялық сараптамасын қайта жасау талап етілді.

Прокурор Еркін Майшинов бұл шағымды қанағаттандыруға қарсы шығып, қорғаушылардың аталған мәселе бойынша сарапшы емес екенін уәж етті. Алматы қалалық сотының судьясы Күлпаш Өтемісова шағымды басы ашық күйінде қалдырды.

Қорғаушылар жағы телефон әңгімелерін қолдан құрастыруы мүмкін екенін мәлімдеп, сараптама сапасына күмән келтіреді. Сараптаманы Қарағандылық мамандар жүргізіп, «монтаж жасалмаған» деген қорытындыға келген. Соны есепке алған қорғаушылар соттан сарапшыны шақырып, тергеуді өтінді. Олардың айтуынша, бірінші инстанция сотында төрелік еткен Айткүл Арғымбаева «сарапшыны сотта тергеймін» деп уәде берген, бірақ сөзінде тұрмаған.

Азаттық тілшісіне Жанат Зиманованың мәлімдеуінше, телефон әңгімелерінің
Мұхтар Зимановтың адвокаты Нұрлан Өстеміров. Алматы, 11 шілде 2013 жыл.
Мұхтар Зимановтың адвокаты Нұрлан Өстеміров. Алматы, 11 шілде 2013 жыл.
аудио жазбасы туралы күмәнді сараптама айыптаудағы ең негізгі мәселе болып тұр, егер оны алып тастаса айыптауға еш негіз қалмайды.

- Сараптаманы жүргізген эксперт бірінші инстанция сотына келмеді, үнемі «сырқаттанып жатырмын» деп сылтауратты. Содан бері сауыққан болар, апелляциялық сотқа келер деп үміттенемін, - деді сотта Мұхтар Зимановты қорғаушы Нұрлан Өстеміров.

Прокурор Еркін Майшинов өтінішті қабылдауға қарсы болды, ал судья Күлпаш Өтемісова мәселені сол күйінде қалдырып, «апелляциялық арызды қарау үстінде шешім қабылдаймын» деді.

АКАДЕМИК ЗИМАНОВТЫҢ АТАҒЫ, ОТБАСЫ ЖӘНЕ ШӘКІРТТЕРІ

Жанат Зиманованың айтуынша, тергеушілер «Қорғас ісі» материалдарына академик Салық Зимановтың аты жазылғанына мүдделі болған. Олар «академик бұрынғы университеттегі шәкірті, сенат парламентінің спикері Қайрат Мәми арқылы Талғат Қайырбаевты босатпақ болған» деген деректі айтады.

- Академик Зимановтың есімін тергеу ісіне енгізу арқылы оның ұлы – Мұхтар Зимановты негізгі айыпкер етіп шығармақ. Әкесі ауырып жатқандықтан Талғат Қайырбаевты босату үшін ұлы оның таныстарын қолданды дегенді желеу етті, - дейді Жанат Зиманова.

Жанат Зиманованың айтуынша, тергеу Мұхтар Зимановты өмірде жолы болмаған, жұмыссыз адам ретінде көрсетіп, әкесінің атағының арқасында алаяқтық жолмен ақша таппақ болған деп сипаттаған.

- Бірақ Мұхтар Зиманов ісі оңға басқан бизнесмен болатын. 10 жылдан астам отбасымен бірге Чехияда тұрды, - дейді академик Салық Зимановтың келіні.

ВИДЕО: Академик САЛЫҚ ЗИМАНОВ: "Қазақ ғылымының бүгінгі жағдайы - есектің жүрісі" (2010 жылы 2 сәуірде түсірілген)
Академик САЛЫҚ ЗИМАНОВ: "Қазақ ғылымының бүгінгі жағдайы есектің жүрісі". 02 04 10 жыл
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:00 0:00

Академик Салық Зиманов 2011 жылдың 10 қазанында ауруханаға түсіп, сол жылдың 3 қарашасында ауруханадан шығып, 4 қарашада дүние салды. Оның алдында тергеушілер академик Зимановқа қатысты іс қозғаған еді, бірақ 2012 жылдың 11 қыркүйегінде Алматыда марқұмның достары баспасөз мәслихатын өткізген соң қылмыстық іс жабылды.

Сотталған кәсіпкерлер – Мұхтар Зиманов, Қайрат Құсманов, Ұлан Әубәкіров пен Руслан Юсуповтың істерін қарайтын апелляциялық соттың келесі отырысы 16 шілдеге белгіленді.

Мақаланы аударған – Динара Әлімжан.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG