Accessibility links

Ақтөбеде ұшақ апатынан екі адам қаза тапты


Әскери ұшақ (Көрнекі сурет).
Әскери ұшақ (Көрнекі сурет).
Шілденің 17-сі күні жаттығудан соң Ақтөбе қаласының маңындағы әскери аэродромға қонар сәтте Қазақстан әуе күштері әскери институтының оқу-жаттығу ұшағы апатқа ұшырап, екі адам мерт болған. Бұл туралы Қазақстан бас әскери прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Астана уақытымен кешкі сағат сегіз шамасында болған апат салдарынан әскери институттың ұшу қауіпсіздігі қызметінің әдіскер-инспекторы, авиация подполковнигі Евгений Виссарионов пен әскери институттың 2-курс курсанты Арман Массалимов қаза тапқан.

Ақтөбе гарнизонының әскери прокуроры бұл апатқа байланысты қылмыстық кодекстің 392-бабы («Ұшу немесе оған даярлық ережелерiн бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Бұған дейін 2013 жылы сәуір айында Қарағанды облысының аумағында құлаған МиГ-31 әскери ұшағының экипаж командирі мерт болып, штурманы ауруханаға түскен еді.

Ал 2012 жылы желтоқсанда Шымкент қаласының әуежайынан 20 шақырым жерде Астанадан Шымкентке бет алған, шекара қызметіне қарасты Ан-72 ұшағы апатқа ұшырап, борттағы 27 адам түгел қаза тапқан.
XS
SM
MD
LG