Accessibility links

Байқоңыр төңірегіндегі тіршілік


Төретам көшесінің бірі. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.
Төретам көшесінің бірі. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.

Азаттық тілшісі Байқоңыр ғарыш айлағының маңындағы қазақ ауылдарына барып, тұрмыс-тіршіліктерін біліп қайтты. Жаңа тойханалы жұмыссыз ауыл тұрғындары іргедегі қалаға рұқсатсыз кіріп күн көреді.

Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты Төретам кенті ғарыш айлағы жалға берілген себепті ресейлік әкімшілік басқаратын Байқоңыр қаласының бір жақ шетінде орналасқан. Кентке кіре беріс күре жолдың бойына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің қол алысып тұрған сәті бейнеленген үлкен плакат ілініп тұр.

«ЖҰМЫСҚА ТҰРУ ҚИЫН»

Кенттегі орталық базардың кіре берісінде тұрған Әсия Кеулімжай есімді сатушы тұрмысы нашар, Байқоңырға кіріп жұмыс істеуге зар болып жүрген тұрғындардың бірі болып шықты.

- Бір Қазақстанда тұрғанымыз болмаса Байқоңыр қаласына кіріп, жұмысқа тұру үлкен проблема. Күйеуім қаланы абаттандыру мекемесіне жұмысқа тұрды, айына 6 мың рубльдей, шамамен 28 мың теңгедей жалақы алады. Ал анау «площадкаларға» барып істесе, 35-40 мың теңгеге дейін алар еді. Сол үшін Байқоңырда тұрғымыз келеді. Балам оқу бітіріп келді. Енді жұмыс жоқ, - дейді ол.

Төретам кенті, Байқоңыр. Қызылорда облысы. 14 шілде 2013 жыл.
Төретам кенті, Байқоңыр. Қызылорда облысы. 14 шілде 2013 жыл.
Әсия Кеулімжайдың «площадка» дегені Байқоңыр қаласының сыртында жатқан, бірақ Ресейге қарасты аумақтағы құрылыс орындары. Ондай «площадкаларда» қазақстандық мекемелер де жұмыс істейді. Соның бірі «Инфрақұрылыс» мекемесінде істейтін Бақыт Жақыпов пен Құндақбай Баймағамбетов 40 мың теңге жалақы алады екен.

- Төретамда үш-төрт-ақ мемлекеттік мекеме бар, қалғаны жекеменшік, жалақыны дұрыстап бермейді. «Площадкада» біз секілді жұмыс істейтін ресейлік мекеме жұмысшылары 150 мың теңгеге дейін жалақы алады,- дейді олар.

Төретам қаласында кездейсоқ танысқан Нартай Жүнісов Байқоңыр қаласында тіркеуде тұрса да, жұмыс таба алмай жүргендердің бірі. Оның сөзінше, жас елуден асқан соң жұмысқа орналасу қиын.

- Байқоңырды әлем біледі дейді. Бірақ сонымен іргелес жатқан Төретам көшелерінің сиқын көрдің ғой,- деп кейіген ол кенттің ойқы-шойқы жолдарына нұсқады.

Азаттық тілшісі сөйлескен Төретам кенті әкімінің міндетін атқарушы Гүлсара Омарова 11 мыңға жуық адам тұратын кент тұрғындарының дені Байқоңыр қаласында жұмыс істейтінін айтады. «Сондықтан аса қатты жұмыссыздық проблемасы жоқ» деп санайды ол.

«АРАЛАСЫП КЕТКЕН ЖЕР»

Нартай Жүнісовтің өзі бастап Төретам кентін араладық. «Зымыран құлаған тұс 30 шақырым жерде. Ол жаққа өткізбейді» деген ол ресейлік күзетшілер тұрған жерге бір шақырымдай қалғанда көлігін тоқтатты.

- Мына жолды да, Төретамға кіре берістегі Назарбаев пен Путиннің плакаты ілініп тұрған үлкен жолды да Ресей өздерінікі санайды, осы жерде ресейлік жол полициясы жүреді. Қит еткеннің көлігінің нөмірін шешіп әкетіп, айыппұл салады, әсіресе, сырттан келгендерге қиын. Өйткені олар нөмірін іздеп Байқоңырға кіре алмайды, сондықтан тиын тебен ұстатып құтылады. Кейбірі Қазақстанның жолына қарай қашады, - дейді ол.

Ресей сарбазы Байқоңыр қаласына келген адамдардың құжатын тексеріп тұр. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл
Ресей сарбазы Байқоңыр қаласына келген адамдардың құжатын тексеріп тұр. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл
Төңірегіндегі Төретам кенті мен Ақай ауылынан бетон қабырға арқылы бөлініп жатқан Байқоңыр қаласына арнайы рұқсат қағазсыз кіргізбейтіндіктен құжат тексеретін пункттен кері қайттық. Байқоңырға кіретін әрбір көлікті тексеріп жүрген ресейлік сарбаз фото, видео түсіруге рұқсат етпеді.

Бетон қабырғаны жағалай жүретін жолмен Ақай ауылына бара жатқанда Нартай Жүнісов ресейлік мекемелердің Төретамда тұрғанын да көрсетті. «Ресейліктер бетон қабырғаның ішінде ғана емес пе еді» деген сауалымызға «осы төңіректегі жерлердің кімдікі екені белгісіз, бәрі араласып кеткен» деп жауап берді.

ҚАБЫРҒАДАН ҚАРҒУ

Ақай ауылының жан жағында жаңадан салынып жатқан үйлер көп. Свет, су тартылмаған құмдауыт жерлердің жан жағы ой-шұқыр. Нартай Жүнісовтің айтуынша, Ақай ауылы мен Төретамның күнкөрісі нашар тұрғындары осы жерлерді қазып, советтік кезеңнен қалған темір-терсектерді өткізіп ақша табады.

Байқоңырға кіргісі келгендер Ақай ауылының тұсындағы бетон қабырғадан секіріп өтуіне болады. Біз барғанда бірнеше адам өтіп жатты.

Байқоңырға Ақай ауылының тұсындағы бетон қабырғадан секіріп кіріп жатқандар да кездесті. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.
Байқоңырға Ақай ауылының тұсындағы бетон қабырғадан секіріп кіріп жатқандар да кездесті. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.
- Көп тексере бермейді, ұстап алса, қамап тастауы да мүмкін,- деді біздің көзімізше қабырғадан секіріп өткен екі жас бала.

Ауылға жаңа мектеп салынған. Жаңадан салынған үлкен тойхана да көз тартады.

Ақай ауылының әкімі Райхан Байшораеваның айтуынша, бұл ауыл кезінде кезіндегі Ленинск, қазіргі Байқоңыр қаласын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін құрылған, яғни тауық фермасы, сиыр фермасы, ет комбинаты, сыра зауыты, бау-бақшасы, мыңға жуық қана тұрғыны бар әскери совхоз болған. Совет Одағы тарағаннан кейін олардың бәрі жекешеленген, талан-таражға салынған.

Есесіне Байқоңырды сағалап келушілер көбейіп, қазір Ақай тұрғындарының саны

Ақай ауылы

CCCР кезінде Ленинск қаласын қажетті ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында құрылған Ақай ауылында қазір 765 үй, 4064 адам бар.

Ауылда екі балабақша, орта мектеп, емхана, клуб, кітапхана, сөйлесу пункті, нотариалды кеңсе, 3 наубайхана, тойхана, бірнеше дүкен, жанар-жағармай бекеті жұмыс істейді.
​ төрт​ мыңнан асқан. Қазіргі кезде ауылда бір мектеп, екі балабақша, кітапхана, клуб және әкімдіктен басқа мекеме жоқ. Соңғы жылдары ғана бірен-саран шаруа қожалықтары құрылған.

- Байқоңырда жұмыс істегісі келетіндер көп, бірақ онда да ештеңе қалған жоқ қой. Аса қажетті салалық мамандарға ғана сұраныс бар. Адамдар жылдан жылға келіп жатыр. Нанын тауып жеп жатыр. Басқа ауылдарға қарағанда жағдайымыз жаман емес. Бұрындары қиындау еді, қазір біртіндеп жақсарып келе жатыр. Ақайдың үш наубайханасы Байқоңырды түгел қамтамасыз етіп отыр. Ауыл шетінде 2005-2006 жылдары берілген жерлерге жұрт үй салып жатыр. Жол картасы бағдарламасы бойынша алдағы бір-екі жылда оның барлығы да ауыз су, жол тартылады, - деді Райхан Байшораева Азаттық тілшісіне.

Ақай ауылындағы үйлердің бірінің алдында тұрған балалар. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.
Ақай ауылындағы үйлердің бірінің алдында тұрған балалар. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.
Ауыл шетіне тұрған үйлердің біріне келгенімізде үй иесі Алтынгүл апа жастарға жұмыс жоқ деп налыды.

- Күйеу балам мен қызым екі баласымен менің 50 мың теңге зейнетақыма қарап отыр. Бұл жаққа экология, атаулы көмек деген жоқ, мына екі балаға мың жарым теңгеден үш мың теңге пособие алады, сонымен болды. Кеше гептил төгілгеннен кейін жүрегім шаншитын болып жүр. Өзімді өзім емдеп жатырмын. Бір көзім көрмей қалған. Дәрігерге қаралатын шама жоқ, - дейді ол.

Өмір бойы Байқоңырда жұмыс істеген еңбек ардагері Алтынгүл апа «Байқоңырдың алпыс жылдығы» медалінің иегері екен. Бірақ бүгін ардагер ғарыш айлағының басына салынған әйгілі қалаға бетон қабырғаның бер жағынан ғана көз сала алады.

Байқоңыр мен Ақай ауылының арасындағы бетон қабырға:

Байқоңыр дуалы
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:00:38 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG