Accessibility links

Пәкістанда 250 тұтқын түрмеден қашты


Шабуыл жасалған түрме маңында жүрген қауіпсіздік күштерінің сарбаздары. Дера Исмаил Хан, Пәкістан, 30 шілде 2013 жыл.
Шабуыл жасалған түрме маңында жүрген қауіпсіздік күштерінің сарбаздары. Дера Исмаил Хан, Пәкістан, 30 шілде 2013 жыл.
Пәкістанның солтүстік-батысындағы Дера Исмаил Хан қаласындағы түрмеге "Талибан" жасақтары шабуыл жасап, 250-ден астам тұтқынды түрмеден босатып жіберді.

Азаттықтың Пәкістан қызметінің хабарлауынша, полиция басшысы Сохейл Халид сейсенбіге қараған түні әуелі түрме маңында бірнеше мәрте қатты жарылыс естіліп, соңын ала "Талибан" сарбаздары түрмені гранатометпен атқылап, шабуылдағанын айтқан. Бомбадан түрме қабырғалары қираған.

Аймақтық комиссар Муштак Джадунның сөзіне қарағанда, түрмеден қашып шыққандардың арасында "аса қауіпті террористер" бар. Кейбір хабарларға қарағанда, қашып шыққандардың біразы - Талибанның Пәкістандағы қанатының және "Әл-Қаидамен" байланысы бар "Лашкар-э Джангви" тобының мүшелері. Джадун шабуылдан 14 адам қаза тапқанын айтады. Олардың 6-уы - полиция қызметкерлері. "Талибан" жасақтары мен қауіпсіздік күштері арасындағы қақтығыс бірнеше сағатқа созылған.

"Талибанның" пәкістандық қанатының өкілі Шахидулла Шахид шабуылдарды өз ұйымы мойнына алатынын айтып, мәлімдеме жасады. Ол шабуылға барлығы 150-ге тарта жауынгер қатысқанын, оның 8-і жанкешті болғанын айтты. "Талибан" өкілі түрмеден қашып шыққандар саны 300-ге таяу екенін де келтірді.

Дера Исмаил Хан қаласы Пәкістанның "Талибан" және "Әл-Қаидамен" байланысы бар топтары шоғырланған аймағына жақын орналасқан.

2012 жылы сәуірде де "Талибан" жасақтары елдің солтүстік-батысында орналасқан Банну қаласындағы түрмеге шабуылдап, 400-ге тарта тұтқынды босатып жіберген еді.
XS
SM
MD
LG