Accessibility links

Ақтөбелік белсендінің қамалғаны расталды


Ақтөбе қалалық сотының ғимараты.
Ақтөбе қалалық сотының ғимараты.
9 қыркүйекте Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі қоғамдық белсенді Тұрарбек Құсайыновты қамауға алу туралы санкция берілгенін растады.

Ресми мәліметке сәйкес, 33 жастағы белсендіні ҰҚК 1 қыркүйекте ұстап, қамау мерзімін ұзарту туралы Ақтөбе қалалық сотқа өтініш түсірген. Ал 3 қыркүйекте қалалық сот ҰҚК өтініші бойынша Тұрарбек Құсайыновтың қамау мерзімін 10 тәулікке ұзарту туралы шешім шығарған.

«Ұлы дала» қозғалысының мүшесі Тұрарбек Құсайынов «адамзаттың қауіпсіздігі мен бейбітшілігіне қарсы ауыр қылмыс жасады» деген айып тағылған. Сот қаулысында: «Ол ешқайда жұмыс жасамайды. Бостандықта болса, айыпталушының тергеу мен соттан жасырынуы мүмкін» деп жазылған.

Сот қаулысына сәйкес Құсайынов биылғы 7 тамызда darhan72@list.ru электрондық поштасынан «Общество молодых профессионалов Казахстана» қоғамдық бірлестігінің электрондық адресі мен тағы 30-ға жуық БАҚ пен жеке адамның поштасына жолданған «руаралық жаулық пен араздық қоздырушы хатты» жазуы мүмкін күдікті ретінде қамауға алынған.

Сол күні Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің атына есімдері көрсетілмеген «Маңғыстау, Атырау, Орал мен Ақтөбе облыстарының ақсақалдарының атынан жазылған хат» жолданған.

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі: «29 тамыз күні жүргізілген сараптама бұл мәтінде Ұлы Жүз бен Орта жүз өкілдерінің Кіші Жүз өкілдерінен үстем екендігі туралы жазылғанын, яғни руаралық жаулық пен араздық қоздыратынын анықтады» деп хабарлайды.
XS
SM
MD
LG