Accessibility links

Сыздықова өзіне таққан айыпты жоққа шығарады


Бақыт Сыздықова, "Нұр Отан" партиясының бұрынғы мүшесі. Астана, 5 қазан 2009 жыл.
Бақыт Сыздықова, "Нұр Отан" партиясының бұрынғы мүшесі. Астана, 5 қазан 2009 жыл.

Президентшіл «Нұр Отан» партиясынан шығарылған Бақыт Сыздықова өзіне тағылған «қарыз ақша» туралы айыпты жоққа шығарады. «Нұр Отан» одан 15 миллион теңге қайтаруын талап етеді.

Қыркүйектің 18-і күні Қазақстан парламентінің бұрынғы депутаты Бақыт Сыздықова билік партиясы «Нұр Отан» мүшелігінен шығарылды. Саяси ұйымның сайтындағы мәліметке қарағанда, мұндай шешімді партияның саяси кеңесі қабылдаған. Партия таратқан ақпарат бойынша, Бақыт Сыздықова 2008 жылы қарашада өзі басқарған «Қазақстанның болашағы үшін» қоғамдық ұйымына «Нұр Отан» қайтарымды қаржылық көмек ретінде бөлген 7 миллион теңгені қайтармаған. Қарыз өсіміне байланысты қазір ұйымның партияға борышы 15 миллион теңгеге жеткен.

«ОНЫҢ БӘРІ – ЖАЛҒАН»

Азаттық тілшісі Бақыт Сыздықоваға телефонмен хабарласып, мән-жайды білуге тырысты. «Ұшаққа асығып бара жатқанын» айтқан Бақыт Сыздықова «Нұр Отан» партиясы хабарлаған қарыз ақша туралы мәліметке қатысты:

- Оның барлығы - жалған. Мен әлеуметтік желідегі парақшамда біраз нәрсе жаздым. Ал түсініктемені кейінірек берейінші? Маған мұрсат беріңіздерші, - деді.
Мені партиядан шығара алады, бірақ партияны менің жүрегімнен шығара алмайды. Мен Нұрға сенем.
Бақыт Сыздықова

Бақыт Сыздықованың Twitter-дегі парақшасында бірнеше ақпарат қана бар. Оның алғашқысында «Мен есеңгіреп қалдым...» деп жазған.

Сыздықованың жазуынша, «Нұр Отаннан» шығып қалғаны туралы «ақпарат құралдарынан естіген». Ол соңғы твитінде «Баспасөз конференциясын өткізгісі келіп отырғанын», «партия функционерлеріне жауап дайындап жатқанын» және «шындықтың өз жағында екенін дәлелдейтінін» жазады. Бір твитінде: «Мені партиядан шығара алады, бірақ партияны менің жүрегімнен шығара алмайды. Мен Нұрға сенемін» деген сөздер бар.

«ҚАРЫЗЫН ҚАЙТАРСА, АЙЫППҰЛЫН КЕШІРЕМІЗ»

Бақыт Сыздықованың мүшеліктен шығарылғаны туралы «Нұр Отан» партиясының веб-сайтында қыркүйектің 18-і күні хабарланды. Ресми ақпаратқа қарағанда, мұндай шешім Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесі мен партия бақылауы комиссиясының отырысында қабылданған.

«Нұр Отан» партиясынан бұл шешімге қатысты егжей-тегжейлі мәлімет алу әзірше мүмкін болмады. Партияның сайтында жарияланған ақпаратқа қарағанда, «Нұр Отан» «уақытша қайтарымды қаржылай көмек көрсету» келісімі негізінде Бақыт Сыздықова төрағалық еткен «Қазақстанның болашағы үшін»жастар қозғалысына 7 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек берген.

"Нұр Отан" партиясының кеңсесі. Астана, 16 қазан 2011 жыл.
"Нұр Отан" партиясының кеңсесі. Астана, 16 қазан 2011 жыл.
Келісім-шарт негізінде қаржы 2009 жылғы қаңтардың 1-іне дейін қайтарылуы тиіс болған, ал қарызды қайтару мерзімінен асқан әрбір күнге төленетін айыппұл құны соманың 0,1 пайызы деп бекітілген.

Қаржы уақытында қайтарылмағандықтан қазір оның жалпы сомасы айыппұлмен қоса алғанда 15 миллион теңгеге жеткен.
Ресми ақпарат бойынша, «осы уақытқа дейін берілген көптеген ескертулерге қарамастан, Бақыт Сыздықова қарызды уақытында төлеу міндеттерін орындамаған».

«Нұр Отан» Бақыт Сыздықованың 1999 жылдан бері партияның белсенді мүшесі болып келгенін ескере отырып, негізгі қарыз (7 миллион теңгені – ред.) жедел түрде қайтарылған жағдайда айыппұл мәселесін оңды шешуді қарастыруы мүмкін екенін де ескерткен.

1990 жылдардың соңынан бері ресми жастар ұйымдарының белсендісі ретінде танылған 39 жастағы Бақыт Сыздықова 2007-2011 жылдары «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты болған еді.
XS
SM
MD
LG