Accessibility links

Еуразия Одағының үнсіз құрылған «үкіметі»


Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен сөйлесіп отыр. Мәскеу, 9 қазан 2012 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен сөйлесіп отыр. Мәскеу, 9 қазан 2012 жыл.

Мәскеуде орналасқан Еуразиялық экономикалық комиссияда қазақстандық үш министр қызмет атқарып отыр. Олардың ішінде Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Даниал Ахметов те бар.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық кеңістік деп сипатталатын аумақта «мемлекеттен жоғары тұратын ұйым құру» жөнінде көптен бері бастама көтеріп келе жатқаны мәлім.

2011 жылы ресейлік «Известия» газетінде жарияланған мақаласында Назарбаев «мемлекеттен жоғары ұйым құру жөнінде 1994 жылдан айтып келе жатқанын, ақыры Кеден Одағы комиссиясына (КОК - ред) қол жеткізгені» туралы жазған еді. Бір жылдан соң ешқандай дабырасыз комиссия құрылымы кеңейіп, жаңа деңгейдегі атқарушы орғанға айналды.

«КЕДЕН ОДАҒЫ ОРЫНДАУҒА МІНДЕТТІ»

2011 жылғы қазанда Мәскеуде кездескен Кеден Одағы елдерінің премьер-министрлерінің ұйғарымы бойынша одақ комиссиясы қызметін тоқтататты. Оның орнына 2012 жылғы ақпан айынан бастап Кеден Одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті үйлестіруші мемлекеттен жоғары тұрақты орган – Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) жасақталды.

Сол кезде ресейлік «Коммерсантъ» газеті «КОК-ты құзыреті әлдеқайда кеңейтілген, бюджеті 10 есе ұлғайған жаңа құрылым алмастырады» деп жазды.
Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Украина басшылары кездесті. Астана, 29 мамыр 2013 жыл.
Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Украина басшылары кездесті. Астана, 29 мамыр 2013 жыл.
Қазақстан, Беларусь және Ресей Федерациясы кіретін бұл органның сайтында «ЕЭК – қандай да бір ұлттық үкіметтердің мүддесін көздемейтін, еуразиялық қауымдастық мүддесін басшылыққа алатын мемлекеттен жоғары орган. Комиссия шешімін Кеден Одағы мен Еуразиялық экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттер орындауға міндетті» деп көрсетілген. Әр елден 3 өкіл кіретін, барлығы 9 мүшесі (министр – ред.) бар комиссия шешімі алқа кеңесінде қабылданады. Алқа төрағасы мен алқа мүшесі (министр) мемлекет басшыларының Еуразиялық экономикалық жоғары кеңесінде 4 жылға тағайындалады.

ЕЭК-нің қазіргі басшысы, яғни алқа төрағасы – кезінде Ресей үкіметін уақытша басқарған, осы елдің өнеркәсіп және сауда министрі болған Виктор Христенко. Қазақстаннан ЕЭК-тің экономика және қаржы саясаты бойынша министрі болып Тимур Сүлейменов, антимонополиялық реттеу және бәсекелестік министрі болып Нұрлан Алдабергенов, энергетика және инфрақұрылым министрі болып Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Даниал Ахметов тағайындалған.

ЕЭК-тің аймақтағы интеграциялық процестерді қадағалаушы орган ретінде мемлекеттен жоғары тұратын ірі құрылымға айнала бастағаны байқалады. Қазірдің өзінде оның 23 департаменті және 17 кеңесші комитеті бар.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Известиядағы» мақаласында бұрынғы Совет Одағын қалпына келтіруі мүмкін дейтін күдік болмас үшін Еуразиялық экономикалық кеңістіктің атқарушы органдарын Астанада орналастыруды ұсынған еді. Бірақ жаңадан құрылған ЕЭК Мәскеуде орнығып қалды.

«ШЕШІМДІ КІМ ҚАБЫЛДАЙТЫНЫ МАҢЫЗДЫ»

Қазақстанда ЕЭК-тің бірте-бірте ұлттық үкіметтерге қарағанда пәрмендірек органға айнала бастайтынына күмән келтірмейтін сарапшылар бар. Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы қызметкері, саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша, мемлекеттен жоғары тұратын құрылым ұлттық үкіметтерге біртіндеп өз билігін жүргізе бастайды.
Саясаттанушы Расул Жұмалы. Алматы, 30 қыркүйек 2010 жыл.
Саясаттанушы Расул Жұмалы. Алматы, 30 қыркүйек 2010 жыл.
– ЕЭК-тің штаб пәтері қайда орналасса да, Қазақстанның мүддесі ескерілетініне кепіл бола алмайды. Біздің өкілдеріміздің отырғанына қарамастан Кеден Одағында әлі күнге Ресей басымдық танытып отыр. Мәселен, оның алдындағы Кедендік комиссия жасаған ортақ кедендік кодекстің 92 пайызы Ресейдің кедендік кодексінің көшірмесі болып шықты. Қазақстанның мүддесіне сай келмесе де, қабылдап, ресейлік сапасыз, қымбат тауарларға тәуелді болдық. Кеден Одағы комиссиясындағы дауыстардың 65 пайызы Ресейдікі еді, – дейді ол.

Мәскеудегі ЕЭК аппаратында жұмыс істейтін «халықаралық шенеуніктердің» басым көпшілігі – ресейліктер. Бұл фактор да қазақстандық сарапшыны алаңдатады.

– Қазақстандық шенеуніктер республика мүддесін осындай ортада қалай қорғайтыны түсініксіз және ол туралы ақпарат жоқтың қасы. Ресей қажет болса, тіпті Кеден Одағы мүшелерінің тауарларын да өз рыногына кіргізбей қоятынын көріп отырмыз. Ресей үшін Кеден Одағы бұрынғы Совет Одағын қалпына келтірудің жолы, – дейді Расул Жұмалы.

«ЕЭК ДЕРБЕС ЖҰМЫС ІСТЕЙ АЛМАЙДЫ»

Кейбір сарапшылар ЕЭК-нің қазіргі құзыреті үйлестірушілік деңгейде ғана деп санайды.

– Еуразиялық экономикалық комиссия нормативтік актілерді үйлестірумен шұғылданып жатыр. Еуразия парламентін құру жөніндегі ресейліктердің ұсынысынан кейін Қазақстан өз егемендігіне нұқсан келтіре алмайтынын жоғары деңгейде мәлімдеді. Бірақ бұл тек сөз жүзінде ғана, өйткені саясат экономиканы емес, экономика саясатты белгілейтіні белгілі. Оның үстіне Еуразия Одағына кіретін үш ел де президенттік басқару астындағы, яғни заң шығарушы билігінен атқарушы билігі жоғары тұратын елдер, – дейді бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев.

Бірі «Еуропадағы соңғы диктатор», басқасы «жұмсақ автократ» деп сипатталатын Кеден Одағы елдерінің президенттері тұрғанда ЕЭК дербес шешім қабылдайтын органға айналмаған күйі қалады деп жорамалдайтын сарапшылар бар.
Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шымбұлақта шаңғы теуіп жүр. Қазақстан, 3 наурыз 2002 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шымбұлақта шаңғы теуіп жүр. Қазақстан, 3 наурыз 2002 жыл.
Еуразия ғылыми-зерттеу институтының сарапшысы Данияр Қосназаровтың пікірінше, саяси деңгей мен бюрократиялық деңгейдің жұмыс тәсілі сай келмеуі де мүмкін.

– Мемлекет басшылары қабылдаған шешімдерді техникалық тұрғыдан жүзеге асырғанда басқаша сипат алуы мүмкін. Сондықтан ЕЭК тәрізді құрылымға мемлекет басшыларының арасындағы қарым-қатынас арқылы қарау керек. Бұл тұрғыдан келгенде ЕЭК дербес жұмыс істей алмайды, ондағы үш елдің өкілі әуелі өз мемлекетіне бағынады, соған орай бұл органның жұмысы бірде тежеліп, бірде жылдамдап отырады, – дейді Данияр Қосназаров.

Биыл Астанада өткен Еуразия экономикалық жоғары кеңесінің отырысында Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің президенттері 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісім жасаған еді.
XS
SM
MD
LG