Accessibility links

Иран Батыс инвесторларын шақыра бастады


Иран президенті Хассан Роухани. Тегеран, 14 қазан 2013 жыл.
Иран президенті Хассан Роухани. Тегеран, 14 қазан 2013 жыл.

Иранның Батысқа деген жаңа көзқарасы дипломатиялық байланысты жақсартуды ғана көздемейтін сияқты. Тегеран АҚШ және Еуропа елдерімен тығыз экономикалық қатынастар орнатқысы келеді.

Иран саясатында жаңа дәуір басталатын тәрізді. Көп жылдардан кейін бұл мемлекет Батыспен қарым-қатынасын жақсартуға кірісті.

ИРАННЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

Тегеран өзіне қарсы жарияланған экономикалық санкциялардың жойылғанын қалайды. Егер Иран экономикасын титықтатқан санкциялар алынып тасталса, бұл елдің одан үлкен пайда табатыны күмәнсіз. Тегеран мол мұнай мен газ қорына Батыс инвесторларын шақыруға әзір.

Иранның мұнай министрі Бижан Зангане. Тегеран, 2005 жыл.
Иранның мұнай министрі Бижан Зангане. Тегеран, 2005 жыл.
Батысқа бүйрегі бұратын мұнай министрі Бижан Зангане Иранның жаңа саясаты энергетика саласын да қамтитынын білдірді. Соңғы аптада ол Иранға келіп мұнай мен газ өндіру тиімді екенін насихаттап, шетелдік инвесторларды өндіріске тарту мәселесі қайта қаралатынын айтты. Оның сөз ләміне қарағанда, Ирандағы ірі мұнай кеніші Оңтүстік Парс та шетелдік инвесторларға берілуі мүмкін.

Иран мұнай министрлігіне қарасты Shana ақпарат агенттігі қазанның 1-і күні Занганенің «Иранның әлемдік мұнай нарығындағы үлесін қалпына келтіру үшін аянбаймыз. Шетелдік энергетика компанияларымен келісімге отырдық, олар Иранға оралуға даяр» деген мәлімдемесін таратты.

САНКЦИЯДАН ҚҰТЫЛУ АМАЛЫ

Иран Батыс елдерін мұнайымен қызықтыра отырып, бұл саланың есігін инвесторларға ашып беріп, қатаң экономикалық санкциялардан құтылуды жоспарлап отырғанға ұқсайды. Иран мұнай қоры әлемде үшінші орын, ал табиғи газ қоры екінші орын алады. Бірақ АҚШ пен Еуропа Одағы (ЕО) салған экономикалық санкциялар мұнайды халықаралық нарықта сатуға мүмкіндік бермей отыр.

Бұл санкциялардың кесірінен Батыс компаниялары Иранға инвестиция салудан қашқақтап отыр. Осылайша, Ирандағы мұнай өндіру ісі соңғы 20 жылда құлдырап кетті. Санкцияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда мұнайды экспорттау екі есе төмендеп, Тегеран жыл сайын миллиардтаған доллардан қағылып келеді.

Лондондағы Betamatrix кеңес беру орталығының экономисі Мехрдад Эмади.
Лондондағы Betamatrix кеңес беру орталығының экономисі Мехрдад Эмади.
Лондондағы Betamatrix кеңес беру орталығының экономисі Мехрдад Эмадидің туған жері - Иран. Оның айтуынша, мұнай экспортының азаюы мен экономиканың әлсіреуі Тегеранды ойлантып отыр.

- Ирандықтар мұнай өндірісінің экономикаға тиімді болмағанын мойындады. Иранға жеке сектордың қажет екені, шетелдік компаниялардың инвестициясына жол ашу керектігі анықталды, - дейді ол.

Бірақ Батыс санкцияларын алып тастай салмайды. Олар «Иран уран байытуды тоқтатса, біз де санкцияларды қысқартамыз» дейді.

Батыс елдері Иранның ядролық бағдарламасына қатысты Тегеранмен мәмілеге келе алмай, қарсы шара ретінде осы экономикалық санкцияларды енгізген. Батыс саясаткерлері "Иран Ислам Республикасы ядролық қару жасап жатыр" деп ойлайды. Ал Иран "ядролық бағдарламаны тек бейбіт мақсатқа қолданамыз" дейді.

Қазанның 17-сі күні Женевада Иран ядролық бағдарламасы жөнінде келіссөздер болып, АҚШ пен ЕО Тегеран ұсыныстарын "маңызды және мазмұнды" деп бағалады. Алайда Батыс әлі де Ираннан ядролық қару жасап жатпағанын дәлделдеуді талап етеді. Әзірге тараптар (Иран мен АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Германия - ред.) нақты бір келісімге келе алмады.

КОМПАНИЯЛАР ИРАНҒА ОРАЛУҒА ЫНТАЛЫ

Батыстың ірі мұнай компаниялары Иранға қарсы санкциялар алынып тасталса,
Royal Dutch Shell мұнай-газ компаниясының атқарушы директоры Питер Возер (оң жақта) Украина президенті Виктор Януковичпен (сол жақта) қол алысып тұр. Давос, 24 қаңтар 2013 жыл.
Royal Dutch Shell мұнай-газ компаниясының атқарушы директоры Питер Возер (оң жақта) Украина президенті Виктор Януковичпен (сол жақта) қол алысып тұр. Давос, 24 қаңтар 2013 жыл.
ынтымақтаса жұмыс істеуге бейім тұр. Royal Dutch Shell мұнай-газ компаниясының атқарушы директоры Питер Возер Лондонда қазанның 1-і күні өткен баспасөз мәслихатында "Иранның энергетикалық секторы әлем елдерінің сұранысын қанағаттандыру үшін маңызды рөл атқаратынын" айтты. Ол "Болашақта Иранның мұнайы мен газы әлемдік сұранысты қанағаттандыру үшін өндіріледі" деді.

Сол баспасөз мәслихатында Франция Total компаниясының атқарушы директоры Кристоф де Маржери «Иран санкциясы жеңілдетілсе, ал Тегеран ұсынған энергетикалық келісім-шарт тиімді болса, Иранға оралуға дайынбыз» деп мәлімдеді.

Зангане Иранға қайта оралу жайлы бірнеше шетелдік энергетика компанияларымен бейресми келіссөз өткізгенін хабарлады. Ол өткен айда президент Хассан Роуханимен бірге БҰҰ Бас ассамблеясы жиынына (Нью-Йоркке) бармақ болған. Сол жерде ол АҚШ және Еуропаның мұнай компаниялары басшыларымен келіссөздер жүргізбек болған. Бірақ соңғы сәтте оның бұл жоспары аяқ асты өзгеріп қалды.

«КОНСЕРВАТОРЛАР БӨГЕТ ЖАСАУЫ МҮМКІН»

Лондондағы Betamatrix кеңес беру орталығының экономисі "түптің түбінде ірі энергетикалық компаниялар Иранға оралады" деп үміттенеді.

- Таяу Шығыста мұнай өндірудің азаюы, Иранда жаңа ірі мұнай кеніштерінің табылуы және санкцияларды жеңілдету әрекеттері Иранды тартымды рынокқа айналдырады. Иранда жұмыс істеу инвесторларға тиімді. Олар тек тәуекелге бел буып, Иранға келсе болғаны. Алдағы 12-18 ай ішінде санкциялар жеңілдейді, сонда Иран мұнай нарығына бірінші кіргендер артықшылыққа ие болмақ, - дейді экономист.

Иранның газ кәсіпорны. 27 қаңтар 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Иранның газ кәсіпорны. 27 қаңтар 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Иран мұнай министрі Бижан Занганенің негізгі мақсаты – шетелдік энергетика компанияларын қайтарып, олармен келісім-шарттар жасасу. Нақтырақ айтқанда оларға келісім-шарттарды сату. Бұл келісім-шарттар бойынша инвестор өз қаржысына мұнай жобаларын дамытып, іске қосады. Іске қосылған өндірісті Иран олардан қайта сатып алады.

Ирандағы мұнай мен газ кен орындарын шетелдіктердің иемденуі - даулы мәселе. Кезінде елдің мұнай өнеркәсібін батыс компаниялары уысында ұстап, 1950 жылдары Иранда саяси толқулар болған еді.

1979 жылғы ислам төңкерісінен кейін Иран энергетика секторын мемлекет меншігіне өткізіп, Батыс компанияларын елден аластатты.

Францияның Дижон қаласындағы Groupe ESC Business School экономисі Жәмшид Ассадидің пікірінше, "Тегеранның энергетика секторын жекешелендіру идеясына консерваторлар қарсы шығуы мүмкін".

- Иранда билікті консерваторлар ұстап отыр. Олар шетелдік инвесторларды өздеріне пайда түсетін болса ғана қабылдайды. Консерваторлар шетелдіктермен өздерінің билігіне қауіп төнбейтін жағдайда ғана келісім-шарттар жасасады, - дейді Ассади.

Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG