Accessibility links

Ауылдастары «жиһадшы» Жансеңгіров жайлы айтпайды


Алпамыс Жансеңгіровтің сөзі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:13 0:00
Жүктеп алу

Алпамыс Жансеңгіровтің сөзі

Жансеңгіровтың туыстары «оны Сирияға алдап әкеткен» дейді. «Қазақ жиһадшыларының» ішінде оның есімі бірінші анықталды. Азаттық тілшісі «жиһадшының» ауылына барып қайтты.

«Сириядағы азаматтық соғысқа қатысуға қазақстандықтардың үлкен тобы аттаныпты-мыс» деген видео интернетте жарияланғалы бері бұл мәселе Қазақстанда басты тақырыпқа айналды. Бейнебаянда ондаған қарулы ер адам отбасын алып, Сирияға келгендерін мәлімдейді.

​Олардың Сирияға қалай жеткені түсініксіз, Қазақстан билігі әзірге ештеңе айтпады. Қазір видеодағы бір кейіпкердің ғана есімі белгілі – ол Ақмола облысының тұрғыны, 27 жастағы Аманжол Жансеңгіров.

Жансеңгіровтер әулетінің үйі. Ақмола облысы, Максимовка ауылы, 23 қазан 2013 жыл.
Жансеңгіровтер әулетінің үйі. Ақмола облысы, Максимовка ауылы, 23 қазан 2013 жыл.
Жансеңгіровтер отбасы Астанадан 30 шақырым жердегі Максимовка ауылында тұрады. Ауылдағы басқа үйлермен салыстырғанда баспаналары қарапайым, тіпті жұтаң деуге болады. Жақында көмір түсіріпті. Бірақ батареямен жылынатын үйлері салқын. Азаттық тілшісін қарсы алған Жансеңгіровтер жылы киініп алыпты. Кіреберісте қолжуғыш тұр. Әжетхана далада екен.

Кіші ұлы Қуаныш және немере қызымен бірге үйде болған отағасы Алпамыс Жансеңгіров тілшіні шайға шақырды. Дастарханға қолдың майы мен нан турап қойыпты. Отағасы жақында есіген хабардан есеңгіреп отырған сыңайлы. Ұлының жайын айтқан Алпамыс Жансеңгіров жылап жіберді. Оның сипаттауынша, баласы өмірінде ешкімді ренжіптеген, қиналған жанға соңғы тиынын беретін ақкөңіл жан екен.

Ұлының қаражатсыз Алматыдан Сирияға қалай жеткеніне, оған кімнің виза жасап беріп, шекараны кесіп өтуіне көмектескеніне қарияның ақылы жетпейді. Оның ойынша, басқа да ондаған қазақстандықтар сияқты «жиһадқа» қатысу үшін Сириядағы көтерілісшілерге көмекке барған ұлын біреулер пайдаланып отыр.

Алпамыс Жансеңгіров, Аманжол Жансеңгіровтың әкесі. Ақмола облысы, Максимовка ауылы, 23 қазан 2013 жыл.
Алпамыс Жансеңгіров, Аманжол Жансеңгіровтың әкесі. Ақмола облысы, Максимовка ауылы, 23 қазан 2013 жыл.
Алпамыс Жансеңгіров ұлының 2011 жылдың қарашасында інісінің үйлену тойына «жаңа көлікпен келемін» дегенін еске алды. Бірақ кейін «келмейтін болдым» деп хабарласыпты. Көлік ұрланған болып шыққан.

​- Машина алдым, достарыммен бірге келемін деді. Бірақ содан кейін ұшты-күйлі келмей кетті. «Бара алмаймын, мені алдап соқты. Әзірге көрісе алмаймыз» деді ол. Кеше оны КТК телеарнасынан көрген кезде таңғалдық. Бұлай істеуі мүмкін емес еді. Ешкімді ренжітпейтін, үлкендерді сыйлап, кішілердің көңіліне қарайтын, - дейді Алпамыс Жансеңгіров.

Інісі Қуаныштың айтуынша, Аманжол Алматыда біраз уақыт әйелімен бірге әпкесінің үйінде тұрған. Әпкесіне соңғы рет хабарласқанда ол «Мені әкетіп барады деген. Қуанышқа әпкесі «Отбасыңмен далаға шығып тұр депті, түн ішінде алған да кеткен. Не үшін, қайда әкеткендерін білмеймін. «Осында қалсам, мені түрмеге отырғызады» деді» деген. «Ата-анасына осылай айтыңдар деп біреулер жеткізді ме, әлде өзі осылай айтып үлгерді ме, ол жағын нақты білмейміз» деді Қуаныш Жансеңгіров.

Аманжол Жансенгіров, Қазақстаннан Сирияға аттанған "жиһадшының" бірі. Сурет YouTube видеопорталынан алынды.
Аманжол Жансенгіров, Қазақстаннан Сирияға аттанған "жиһадшының" бірі. Сурет YouTube видеопорталынан алынды.
Әкесінің айтуынша, Аманжол 9 жыл бұрын дінге бет бұрған. Алпамыс Жансеңгіровтың сөзіне сенсек, ұлдарының ешқайсы шылым шекпейді, ішімдік ішпейді, намаз оқиды. Бәрі жоғары білім алған. Ортаншы ұлының неге осындай жағдайға тап болғанын ол түсіне алар емес.

Туысқандарының айтуынша, Аманжол Жансеңгіров туған ауылы Максимовкадағы мешітке бармаған. Астанадағы «Артем» сауда үйіне жақын орналасқан мешітке барып жүрген. Аты-жөнін айтпаған ауыл мешітінің имамы Аманжол Жансеңгіровті де, оның отбасын да танымайтынын мәлімдеді. Имам тіпті ауылдың Жансеңгіровтер тұратын бөлігіне барып көрмегенін айтты. «Жиһад» деген сөзге анықтама берсеңіз» деген өтінішті қабылдамады. Тек Сирияға кеткендердің исламның басқа мазхабында екенін ескертті.

Мешіттің өзі ауылдың ортасында орналасқан, бірақ құрылысы аяқталмағандай әсер қалдырады. Терезелерінің біразы жоқ. Бірақ ауыл тұрғындары мешіттің жұмыс істеп тұрғанын, оған баратындарын айтты.

«Жиһадшының» отбасы туралы Жансеңгіровтердің көршілері жарытып ештеңе айтпады:

- Кәдімгі отбасы, олармен араласпаймыз. Ұлдары туралы ештеңе білмеймін. Таңертең Астанаға машинасымен жұмысқа кететін біреуін ғана танимын, үнемі амандасып жүреді, - деді қасындағы үйде тұратын көршісі.

Максимовка ауылы Астанадан 30 шақырым қашықтықта орналасқан. Қазақстанның көптеген ауылдары тәрізді бұл жақтың да жолы нашар. Советтік кезеңнен қалған аялдамалардың «қаңқасы» мен «Қош келдіңіз!» деген сөз жазылған темір аркалар бар. Ауыл тұрғындары Астанаға жолшыбай көлікпен жетеді. Қалаға автобустар сирек қатынайды.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG