Accessibility links

СІМ Дубайға «ұсталған қазақстандықтар» туралы сұрау салды


Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Дубай қаласы. (Көрнекі сурет)
Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Дубай қаласы. (Көрнекі сурет)
Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) «ұсталған қазақстандықтар» туралы хабарды анықтау үшін сол елдің билік органдарына сұрау жіберді. Бұл туралы сенбі күні Азаттыққа СІМ баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов хабарлады.

– Олардың ұсталғаны туралы ақпараттың рас-өтірігін әзірге айта алмаймын, бірақ БАӘ-дегі біздің бас консулдығымызға олардың туыстарынан өтініш түскені рас. Қазір консулдық ресми тәртіппен БАӘ-нің тиісті органдарына сұрау жолдады. Әзірге оған ресми жауап келген жоқ, - деді ол.

Айтмаханов БАӘ-дегі Қазақстанның бас консулдығына қанша адамнан және кімдердің өтініш бергенін Азаттыққа айтпады.

Бұған дейін Facebook әлеуметтік желісінде 30 қазанға қараған түні БАӘ-де оннан аса Қазақстан азаматтарын жергілікті билік орындары ұстап әкеткені туралы хабар тараған еді. Қазақстандық «Уральская неделя» газеті «ұсталғандардың екеуінің аты-жөндері Асылбек Шукранов және Нұрым Қуаныш екені белгілі» деп хабарлады. Басылым бұл ақпаратты БАӘ-нен, өз аты-жөнін атағысы келмеген қазақстандық хабарласып жеткізгенін айтады.

Шет мемлекеттерде «терроризмге қатысы бар» деген айыппен ұсталған немесе оққа ұшқан қазақстандықтар қатары жыл сайын өсіп бара жатқаны туралы Азаттық бұған дейін жазған.
XS
SM
MD
LG