Accessibility links

АҚШ елшілігі Киевтегі оқиғаны айыптады


Украина милициясының «Бүркіт» (Беркут) арнайы жасағы Тәуелсіздік алаңындағы шеруді күштеп тарқатты. Киев, 30 қараша 2013 жыл.
Украина милициясының «Бүркіт» (Беркут) арнайы жасағы Тәуелсіздік алаңындағы шеруді күштеп тарқатты. Киев, 30 қараша 2013 жыл.
Украинадағы АҚШ елшілігі сенбі күні Киевтегі Тәуелсіздік алаңындағы бейбіт жиынға қатысушыларға қарсы күш қолданылғанын айыптап мәлімдеме таратты.

«АҚШ Тәуелсіздік алаңында наразылық білдірушілерге қарсы күш қолдануды айыптайды. Біз Украина үкіметін стратегиялық әріптестігіміздің негізі болып табылатын аса маңызды демократиялық құндылықтар – азаматтық құқықтар және сөз бостандығы мен бейбіт жиын өткізу еркіндігі принциптерін құрметтеуге шақырамыз. Біз азаматтардың өз пікірін ашық білдіру және бейбіт жиындарға қатысу құқығын қолдаймыз» делінген елшілік мәлімдемесінде.

30 қараша күні таңға жуық Киевтегі Тәуелсіздік алаңындағы наразылық шеруін милицияның арнайы жасағы күшпен тарқатты. Куәгерлердің айтуынша, милиция алаңда тұрғандарды резеңке таяқпен сабап, ондаған адам жарақат алған. Милиция алаңда ұсталған 35 адамға әкімшілік құқық бұзғаны туралы хаттама толтырылған соң олардың көпшілігін босатып қоя бергенін хабарлады.

Әзірге Украина билік орындары оқиғаға қатысты ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Жұма күні Киевтің Тәуелсіздік алаңында мыңдаған адам жиналған шеруде Еуропа Одағымен ассоциация келісіміне қол қоюдан бас тартқан президент Виктор Янукович отставкаға кетсін деген талап айтылған еді.

Украин оппозициясы алдағы жексенбіде Киевте украин билігінің шешіміне қарсы мыңдаған адам қатысатын жаңа шерулер өткізуді жоспарлаған.
XS
SM
MD
LG