Accessibility links

Киевте милиция "Еуромайдан" акциясын тарата бастады


«Еуромайдан» үшін тірес
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:19 0:00

ВИДЕО: Милицияның арнайы жасағы наразылық танытушыларды алаңнан ығыстырып шығарды. Киев, 11 желтоқсан 2013 жыл.

Киевте 11 желтоқсанға қараған түні ішкі істер министрлігінің арнайы жасағы Тәуелсіздік алаңындағы наразылар лагерлерін қиратып, шеруді тарата бастады.

Милиция бұған қоса оппозицияның Киев қалалық мэриясы маңына орнатқан кедергілерін де алып тастап, қоршай бастады. Бірақ демонстранттар орныққан мэрия ғимаратына басып кірген жоқ. Оппозиция жетекшілері шерушілерді шегінбеуге шақырып жатыр.

Швеция сыртқы істер министрі Карл Бильдт Twitter-дегі парақшасында "Біз қазір "Еуромайдан" акциясына қатысты оқиғаларды үлкен алаңдаушылықпен бақылап отырмыз. Украина қуғын-сүргіннен бас тартып, реформалар жүргізуі тиіс" деп жазды.

Украиналық "Бесінші арна" телеарнасының хабарлауынша, Еуропа Одағы (ЕО) Украина билігін наразылық танытушыларға күш қолданбауға шақыруға тырысып отыр.

Қазір Киевте Еуропа одағы сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Кэтрин Эштон мен АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Виктория Нуланд жүр. Олар елдегі саяси дағдарысты реттеу мақсатында билік және оппозиция өкілдерімен кездесіп жатыр.

Кэтрин Эштон Украина президенті Виктор Януковичпен кездескен соң оппозициялық "Батькивщина" партиясының жетекшісі Арсений Яценюкпен бірге "Еуромайдан" акциясы басталған Тәуелсіздік алаңына барды.

Янукович кеше Украинаның бұрынғы үш президенті - Леонид Кравчук, Леонид Кучма және Виктор Ющенкомен кездесіп, Украинаның ЕО-мен жақын байланыс орнатуға тырысатынын, бірақ "Ресеймен де сауда байланысын қалпына келтіруі тиіс екенін" айтқан.

"Мен Ресейдің пайдасына бола ЕО-мен қарым-қатынасты үзуге немесе керісінше саясат ұстануға қарсымын. Егер Украина Ресеймен жақсы қарым-қатынаста болса, Ресейдің газ беруді тоқтатуы сияқты проблемалар болмаса, еуропалықтар жылы орындарында жайбарақат ұйықтайды деп ойлаймын. Сондықтан біз өз мүддемізді қорғауымыз қажет" деді Украина президенті Виктор Янукович.

Ол бұған қоса 11 желтоқсанда Украина делегациясы Брюссельге баруы мүмкін екенін де айтқан.

Бірнеше күннен бері өтіп жатқан наразылықтар биліктің ЕО-мен серіктестік келісімінен бас тартуынан соң басталған еді. Украина үкіметі ЕО-мен қарым-қатынас орнатудан гөрі Ресеймен экономикалық байланысын жақсартуды жөн көрген.
XS
SM
MD
LG