Accessibility links

Виктор Янукович: "Еуромайданға" күш қолданылмайды


Украинаның билік және оппозиция өкілдерінің қатысуымен өткен жалпыұлттық дөңгелек үстел жиыны. Киев, 13 желтоқсан, 2013 жыл.
Украинаның билік және оппозиция өкілдерінің қатысуымен өткен жалпыұлттық дөңгелек үстел жиыны. Киев, 13 желтоқсан, 2013 жыл.
Жұма күні Киевте билік және оппозиция өкілдерінің қатысуымен өткен жалпыұлттық дөңгелек үстел жиынында Украина президенті Виктор Янукович наразылық шеруі кезінде ұсталып қамауда отырғандарды босатып, "Еуромайдан" шеруіне қатысушыларға қарсы күш қолданбау туралы ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді.

Сонымен бірге ол билік пен оппозицияны қарсыласуды доғаруға шақырып, Украинаның Еуропа одағымен ассоциация туралы келісімі жобасын әзірлеген бірқатар шенеуніктердің жұмыстан кетуі мүмкін екенін айтты.

Премьер-министр Николай Азаров үкіметтің бұл келісімге қол қоюдан бас тартуының себебін "қазіргідей экономикалық жағдайда ел экономикасы күйреуге ұшырайтындығымен" түсіндірді.

"УДАР" оппозициялық партиясының жетекшісі Виталий Кличко Киевтегі оқиғаларда күш қолданудың салдары елде өте жаман болатынын мәлімдеді. Ол саяси дағдарыстан шығудың бірден бір жолы - кезектен тыс президенттік және парламенттік сайлаулар өткізу екенін тағы да қайталады.

Дөңгелек үстел жиынына украин оппозициясынан қатысқан парламенттегі "Батькивщина" фракциясының жетекшісі Арсений Яценюк пен "Свобода" партиясының лидері Олег Тягнибок Еуроордақпен ассоциация туралы келісімге қол қою қажеттігін тағы да мәлімдеді.

Киевтегі дөңгелек үстелге Украинаның бұрынғы президенттері Леонид Кравчук, Леонид Кучма мен Виктор Ющенко, сондай-ақ ғылым қауымдастығы мен дін өкілдері, студенттер және үкімет шенеуніктері қатысқан.

Бұған дейін Брюссельде ЕО сыртқы кеңею істері жөніндегі комиссары Штефан Фюлемен кездескеннен кейін Украина премьер-министрінің орынбасары Сергей Арбузов Киевтің таяуда Еуропа одағымен ассоциация келісіміне қол қоятынын мәлімдеген еді.

Қарашаның 30-ы мен желтоқсанның 1-і күні Киевте Еуропалық Одақпен келісімге қол қоюдан бас тартқан үкімет шешіміне наразылардың "Еуромайдан" шеруіне биліктің күш қолдануы Украинада билікке жаппай қарсылық акцияларына ұласты.

Батыс мемлекеттері "Еуромайданға" биліктің күш қолданғанын сынады.

21 қарашада Киев Еуропа Одағымен еркін сауда және саяси ассоциация туралы келісімнен бас тартып, оның орнына Ресеймен экономикалық байланыстарды нығайтатыны туралы шешім қабылдаған еді.
XS
SM
MD
LG