Accessibility links

БҰҰ Сирияға жәрдемді Ирак арқылы жеткізе бастады


Сирия-Ирак шекарасындағы сириялық босқындар. (Көрнекі сурет)
Сирия-Ирак шекарасындағы сириялық босқындар. (Көрнекі сурет)
БҰҰ Сирияға гуманитарлық жәрдем жүгін Ирак арқылы әуе жолымен жеткізуді бастады.

Азық-түлік тиелген алғашқы ұшақ Ирактың Курдистан аймағындағы Арбил қаласынан ұшып шығып, Сирияның солтүстік-шығысындағы Камишли қаласына қонған. БҰҰ Сирияға жедел түрде жеткізілуі тиіс жәрдем жүктерін алдағы 12 күн бойы ұшақпен тасып бермекші.

Гуманитарлық миссияны Ирак пен Сирия билігі мақұлдаған. Алғашқы жүк өткен аптада жеткізілуі тиіс еді, бірақ ауа райының қолайсыздығы ұшуға бөгет жасады.

Әуелде БҰҰ Сирияға жәрдем жүгін автокөлік жолдарымен жеткізуді жоспарлаған. Бірақ Сирияда қарулы күрес жүргізіп жатқан түрлі топтармен келіссөздер өткізу қиынға түскендіктен, гуманитарлық жүкті әуе арқылы жеткізуді дұрыс деп тапты.

Сирияда азаматтық соғыс оты басталғалы бері 100 мыңнан аса адам қаза тауып, ел ішінде алты жарым миллион адам босқынға айналды. Екі миллионнан аса адам шетелге кетуге мәжбүр болған.
XS
SM
MD
LG