Accessibility links

Тұтқын Курамшин түрмедегі жағдайды жақсартуды ұсынады


АК159/5 түрмесіндегі тұтқындардың туыстары. Қарағанды облысы, Қараған кенті, 1 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
АК159/5 түрмесіндегі тұтқындардың туыстары. Қарағанды облысы, Қараған кенті, 1 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Астанада парламент қылмыстық-атқару кодексі нормаларын талқылап жатыр. Бұл заңдарды ізгілендіру туралы ұсыныстарын түрмеде отырған Вадим Курамшин де жолдады.

Түрмедегі тұтқындар құқығын Вадим Курамшин еркіндікте жүрген кезінде де қорғаған еді.

Қазақстан түрмелерінде жазасын өтеушілердің тұрмыс-жағдайын реттейтін қылмыстық-атқару кодексіне жеңілдіктер енгізу жөніндегі ұсыныстарын Вадим Курамшин парламент депутаты Айгүл Соловьева және кейбір қоғамдық ұйымдар арқылы жолдады.

Курамшин «сотталғандарды қадағалаудың қазіргі практикасы қоғамға жат, мемлекетке зиян келтіреді» деп есептейді. Өйткені «қазіргі түрмелер жазасын өтеушілерді түзету мекемесі емес, жазалау орны сияқты және қасіретті ҚАРЛАГ-тан қалған мұраға ұқсайды».

Курамшин түрмелерді қадағалайтын тәуелсіз қоғамдық бақылау орнатуды, тұтқындарды бір-біріне айдап салатын «активист тұтқындар» сияқты советтік атавизм тәжірибесінен бас тартуды ұсынады.

Жасы әлі 40-қа да толмаған Вадим Курамшин талай тар жол, тайғақ кешуден өтіп, танымал адамға айналды. Оған берілген Людовик Трарье атындағы сыйлықты желтоқсан айының басында Парижге барып анасы Ольга Колтунова алды. Вадим Курамшинге бұл сыйлық тұтқындардың құқығын қорғағаны үшін табысталды. Анасының айтуынша, Вадим бала кезінен әділетсіздікке жаны қас болған.

АТА-ӘЖЕНІҢ ТӘРБИЕСІ

Парижде Людовик Трарье атындағы сыйлықты табыстау рәсімінде сөйлеген сөзінде 60 жастағы Ольга Колтунова Вадимнің азаматтық белсенділігі мектепте оқып жүргенде танылғанын айтты.

Вадим Курамшиннің анасы Ольга Колтунова. Астана, 25 қараша 2013 жыл.
Вадим Курамшиннің анасы Ольга Колтунова. Астана, 25 қараша 2013 жыл.
- Қазақстанда құқығы тапталған кез келген адамды қорғады. Енді, міне өзі тағы түрмеде отыр. Бірақ мен ұлымды мақтан тұтамын! Мына сыйлықты ұсынған сіздерге алғысым шексіз. Біріншіден, ұлымның еңбегін осындай жоғары деңгейде мойындағандарыңыз үшін. Екіншіден, мынадай қиын жағдайда әрі Вадим әділетсіз сотталып, қамауда отырған кезде оның мұқтаж отбасына материалдық көмек көрсеткендеріңіз үшін рахмет, - деді Ольга Колтунова.

Әкесі мен анасы ажырасып кеткен соң, Вадимді үш жасынан бастап анасы жалғыз тәрбиелеген. Кейін Ольга Колтунова тұрмысқа шығып, тағы бір ұл табады. Вадимге нағашы атасы мен әжесінің тәрбиесінің ықпалы көп болды.

Отбасын асырау үшін Ольга Колтуноваға тынбай жұмыс істеуге тура келді. Мейрамханада әуелі даяшы, бармен, кейін администратор болды. Ал кішкентай Вадим ата-әжесінің қолында өсті.

- Әкем - соғыс ардагері, бірнеше наградасы бар. Анам – дворяндар әулетінен шыққан. Бірақ екеуі де балалар үйінде тәрбиеленген. Атасы Вадимді жастайынан әділ, батыл болуға баулыды. Оның бойындағы әділеттілік сезімі атасынан дарыған қасиет деп ойлаймын. Атасының «Ерлігі үшін» медалін Вадим қатты жақсы көретін. «Атам сияқты ер жүрек боламын» дейтін, - дейді Ольга Колтунова.

Оның айтуынша, Вадим мектепте оқып жүргенде сыныптастарын мұғалімдерден қорғап, талай рет табандылық танытқан.

Құқық қоррғаушы Вадим Курамшин. Алматы, 10 тамыз 2011 жыл.
Құқық қоррғаушы Вадим Курамшин. Алматы, 10 тамыз 2011 жыл.
- Мектепте оқып жүргенде балалардың біріне әділетсіздік жасалса, бүкіл сыныптан жалғыз өзі қарсы шығатын. Тек шындықты жақтайтын. «Вадим, мұның жарамайды, мұғалім - үлкен кісі» дегенімде, «Мама, бірақ ол неге бұлай істейді, ал ол кісінікі жөн бе?» дейтін, - деп еске алады Ольга Колтунова.

Бірақ кейін Вадим жаза басып, 20 жасында қылмыстық іс бойынша түрмеге түседі. Анасының айтуынша, ақша тапқысы келіп бастаған ісінен ештеңе шықпаған. Вадим Омск мемлекеттік институтының заң факультетінде сырттай оқыған. Үшінші курста абақтыға алғаш рет қамалады.

- Елде кәсіпкерлік енді ғана басталып келе жатқан заман болатын. Бір совхозбен келісіп, «сатып, ақшасын қайтарамын» деп бір машина капуста алды. Шаруаның қырын білмейтін жас кезі, капуста үсіп кетіп, түкке жарамай қалды. Сөйтіп ақшаны қайтара алмады. Мұны алаяқтық деп танып, оны үш жарым жылға соттады, - дейді Ольга Колтунова.

Түрмеден шыққан Вадим «алыпсатарлық» бизнесті тастап, қоғамдық өмірге араласады. Осы азаматтық белсенділіктің арқасында тағы екі рет түрмеге түсетінін ол білген жоқ. Соңғы, үшінші рет Вадим прокурордан «пара бопсалады» деген айыппен сотталды. Оның жолдастары мен құқық қорғаушылар «Курамшин саяси астармен сотталды» деп есептейді. Ал мұның алдында шаруалардың құқығын қорғағаны үшін түрмеде екінші рет отырып шыққан.

Құқық қорғаушы Вадим Курамшин (ортада) тұтқындардың туыстарымен наразылық акциясын өткізіп тұр. Астана, 1 сәуір 2011 жыл.
Құқық қорғаушы Вадим Курамшин (ортада) тұтқындардың туыстарымен наразылық акциясын өткізіп тұр. Астана, 1 сәуір 2011 жыл.
Вадим Курамшин келесі жылы 40-қа толады. 2010 жылғы түрмедегі қанды бүліктер кезінде Курамшин құқық қорғау жұмысымен белсенді түрде айналысты. Ол кезде Орталық және Солтүстік Қазақстан түрмелерінде шыққан бүліктің кейбірін ішкі әскер күшімен басып, бұл оқиғалар бірнеше тұтқынның өлімімен аяқталған. Курамшин түрмелерді аралап, ондағы тұтқындарды азаптау және бүліктерді аяусыз басып-жаншуға қатысты айғақтарды интернетке жариялап, Астанада тұтқындардың туыстары шеруін ұйымдастырды.

Ольга Колтунова баласына «мұндай істермен айналыспа» деп үгіттеген. Вадим Курамшин қудалауға ұшырап, отбасы ақшасыз қалған. Анасының айтуынша, оны қала сыртына әкетіп, ұрып-соғып, «жақсылықпен тоқтат» деп ескерткен, үнемі қорқытып-үркітіп келген.

СЕРГЕЛДЕҢГЕ ТҮСКЕН АНА

Баласы түрмеге түскен сайын анасы қиналады. Онымен жолығуға бару үшін көп ақша, көп күш керек. Сотталған баласымен жолығуға рұқсат алу да оңай емес. Қазір Вадимге жылына бір рет қана кездесуге рұқсат берілген. Ол Солтүстік Қазақстан облысының қиыр шетіндегі жұрт «Жаман сопка» атап кеткен кенттегі түрмеде отыр. Ол жақтан телефонмен де сирек сөйлеседі.

Ольга Колтунова ұлын көру үшін наразылық акциясын өткізуге тура келгенін еске алады. Мұндай жағдай осыдан жеті жыл бұрын, баласы Атбасар түрмесінде екінші жазасын өтеп жатқанда болған. Рұқсат берілген кездесуге құрбысымен бірге келген ол колонияға кіре алмаған. Себебін де түсіндірместен екеуін кіргізбей қойған.

- Екеуміз қар аралас жаңбырдың астында далада түнеп, ақыры наразылық акциясын өткіздік. Түнді далада өткіздік. Таңертең «егер кіргізбесеңдер, Астанаға барып шағымданамын» дедім. Ақыры кіргізді. Сол жолы мүлде жүдеп кеткенін көрдім. Бұрылған кезде терісі сүйегіне ілініп қалғанын көрдім. Мұндайды тек кинода ғана көргем. Шалбарының балағы да қысқа, жіліншігіне жетпейді. Менің баламнан басқа тұтқындардың бәрінің киімі дұрыс, - дейді Ольга Колтунова.

Вадим Курамшин сотта отыр. Тараз, 2 мамыр 2012 жыл.
Вадим Курамшин сотта отыр. Тараз, 2 мамыр 2012 жыл.
Үйге келген соң, киім сатып алып, баласына салып жіберген. Кездейсоқтық па, жоқ па белгісіз - бірақ анасының осы әрекетінен кейін түрмеде Вадимді ұрып-соққан.

Ольга Колтунованың айтуынша, бұдан бөлек те жағдайлар болған. Курамшин Астанаға таяу жердегі түрмеде отырған кезде «бос бөлме жоқ» деген желеумен анасын кездесу бөлмесіне кіргізбей қайтарған.

- Кездесе алмай құр қайтып жүрдім. Кейін ауыр сөмкелерімді арқалап қайта барамын. Ақыры бара жатқан соң көбірек бірдеңе апарғың келеді де, сөмкелерімді арқалап жүргенім. Бірақ бәрібір алған бетімнен қайтпайтынмын. Кейін мен де «ақылды» болып алдым. Мысалы, 20-сына қарай баратын болсам, алдын ала телеграмма салатын болдым. Олар бөлме босатып қояды. Кіргізбеді екен деп кері бұрылып кете бермейтінімді біледі, - дейді Ольга Колтунова.

Курамшинді еркіндікте әйелі Екатерина күтіп отыр. Екеуі Вадим жүргізуші куәлігін алу үшін автомектепте оқыған кезде танысқан. Екатерина сол автомектепте істеген. Отбасын құрған екеуі Вадим түрмеге қамалғанға дейін небәрі екі ай ғана бірге тұрған. Вадим Курамшиннің басқа екі некеден туған екі ұлы бар. Қазір үлкен ұлының өз баласы бар. Сонымен, Вадим 40 жасқа қарай немерелі болып, «ата» атанды.

Өткен жылдың желтоқсанында Вадим Курамшин «ақша бопсалады» деп айыпталып, 12 жылға сотталған. Бірақ Вадимге бұл бап бойынша әуелі бір жылға дейін бас еркіндігін шектеудің шартты жазасын кескен болатын. Бірақ 2012 жылы қазанның 31-і күні Жамбыл облыстық соты жеңіл үкімнің күшін жойды. Мұның алдында Курамшин Польшадағы конференцияға қатысып, Қазақстандағы тұтқындардың құқығы жиі бұзылатынын мәлімдемеген. Петропавл қаласындағы үйіне келген соң ол тұтқындалып, бұл жолы ұзақ мерзімге түрмеге жабылды.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG