Accessibility links

Украина оппозициясы Януковичпен кездесуді талап етті


Демонстранттардың полициямен қақтығысы. Киев, 20 қаңтар 2014 жыл.
Демонстранттардың полициямен қақтығысы. Киев, 20 қаңтар 2014 жыл.
Бүкілукраиналық "Майдан" бірлестігі билік өкілдеріне елдегі саяси дағдарысты шешу үшін оппозиция жетекшілері президент Виктор Януковичпен кездесуі қажет деген талап қойды. Бұл туралы "УДАР" оппозициялық партиясының депутаты Виталий Ковальчук мәлімдеді.

Партия жетекшісі Виталий Кличко елдегі саяси дағдарыстың бұдан ары шиеленісуіне президент Янукович жауапты болмақ деді.

Кеше Янукович демонстранттар мен полицияның қақтығыстарынан соң демонстранттарды диалог пен ымыраға шақырған. Ол мәлімдемесінде қақтығыстар мен зорлық-зомбылықтарды "тұтас Украинаға қауіп төндіреді" деп, демонстранттардың жиын өткізу құқықтарын, қауіпсіздігін сақтауға уәде берген.

Бірақ Кличко Януковичті іс жүзінде "келіссөзден басын алып қашып, уақытты соза түсіп жатыр" деп айыптады.

"Ол азаматтардың талабына құлақ аспауға бекінгенін тағы да көрсетіп отыр" деді Кличко.

20 қаңтар күні кешке Украинадағы саяси дағдарысты реттеу келіссөздерінің басталғаны хабарланған. Басқарушы "Аймақтар партиясының" депутаты Анна Германның айтуынша, кездесу Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Андрей Клюевтің кеңсесінде өткен.

Елде жиын өткізуді шектейтін заңның қабылдануына орай 19- 20 қаңтарда наразылыққа шыққан мыңдаған демонстрант полициямен қақтығысқан еді. Қақтығыстан екі жақтан 150-ге жуық адам зардап шеккен.
XS
SM
MD
LG