Accessibility links

Ресей соты: Платон Лебедев босатылсын


ЮКОС компаниясының бұрынғы басшыларының бірі Платон Лебедев.
ЮКОС компаниясының бұрынғы басшыларының бірі Платон Лебедев.
Ресей жоғарғы соты бүгін ЮКОС компаниясының бұрынғы басшыларының бірі, ұзақ жылға сотталған Платон Лебедевтің жаза мерзімін азайтып, оны түрмеден босату туралы шешім шығарды.

Лебедевтің адвокаты Владимир Красновтың айтуынша, тұтқын бүгін бостандыққа шығуы мүмкін.

2007 жылы банкроттыққа ұшырап жойылған ЮКОС компаниясының бұрынғы басшысы Михаил Ходорковский мен оның серігі Платон Лебедев 2004 жылы «алаяқтық жасады және салық төлеуден жалтарды» деген айыптармен әрқайсысы тоғыз жылға сотталған еді. Кейін кассациялық шағым бойынша өткен сот олардың жазаларының бір жылын қысқартқан.

Бірақ 2010 жылы - мерзімдері аяқталар алдында екеуінің үстінен екінші қылмыстық іс қозғалып, әрқайсысы 14 жылға сотталған. Кейіннен Мәскеу қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы Михаил Ходорковский мен Платон Лебедевтің жаза мерзімін бір жылға кемітті.

Ходорковский өткен жылдың желтоқсанында Ресей президенті Владимир Путиннің рақымшылығымен түрмеден босап шыққан соң Германияға кетіп қалған.

Жоғарғы сот Ходорковский мен Лебедевті ақтап, Лебедев 2004-2005 жылдары ЮКОС-қа қатысты "алғашқы қылмыстық іс бойынша тергеу кезінде заңсыз қамауда отырды" деген ұйғарым жасаған.

Бірақ сот бұған дейін шығарған компанияның бұрынғы басшыларынан 17 миллиард рубль көлемінде ақшаны "төленбеген салық" түрінде өндіріп алу туралы шығарған шешімін күшінде қалдырды.
XS
SM
MD
LG