Мәскеуде Ресейдегі бірқатар оппозициялық ұйымдардың бастамасымен «Болотный ісі» бойынша айыпталғандарға қолдау таныту шеруі өтті. Мыңдаған адам қатысқан шеруде: «6 мамыр тұтқындарына бостандық берілсін!», «Саяси тұтқындар босатылсын!» деген талаптар айтылды.
2012 жылы 6 мамырда Мәскеудегі Болотный алаңында оппозицияның акциясы шерушілер мен полиция арасында қақтығысқа ұласып, осы оқиғаға байланысты қозғалған, кейін «Болотный ісі» деп аталып кеткен іс бойынша 30-ға жуық адамға айып тағылған болатын. Олардың үшеуі сотталды. Бірнеше адам Мемлекеттік думаның Ресей конституциясының 20 жылдығына байланысты жарияланған рақымшылыққа ілінген еді.
Айып тағылған сегіз адамға қатысты сот 5 ақпанда жалғаспақ. Прокуратура оларға бес жылдан алты жылға дейін түрме жазасын беруді сұрайды. Мәскеу, 2 ақпан 2014 жыл.