Accessibility links

Алматыда екі блогер қамалды


Полиция блогер Дмитрий Щелоковты көлікке отырғызып жатыр. Алматы, 21 ақпан 2014 жыл.
Полиция блогер Дмитрий Щелоковты көлікке отырғызып жатыр. Алматы, 21 ақпан 2014 жыл.
Бүгін Алматы қалалық әкімшілік сотына блогер, азаматтық белсенді Андрей Цукановқа қолдау білдіру үшін барған тәуелсіз блогер Дмитрий Щелоковты полиция ұстады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Серіктерінің хабарлауынша, Цуканов 20 ақпанда Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің есептік жиынына бармақ болып өз үйінен шыққанда ұсталып, сол күні сот шешімі бойынша 18 күнге әкімшілік қамауға алынған. Оған дейін Цуканов полиция өзіне азамат Мақсат Үсеновтің шағымы бойынша Жетісу аудандық ішкі істер басқармасына келу туралы шақырту бергенін әлеуметтік желіде хабарлаған еді.

Дмитрий Щелоков Цукановтың не үшін қамалғанын білу мақсатымен әкімшілік сот төрағасы Азамат Әбдірайымовқа кірмек болған. Шамамен жарты сағаттан соң полиция келіп, оны соттан Бостандық аудандық ішкі істер басқармасына алып кеткен.

Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының бастығы Хамзин Азаттық тілшісіне Щелоковтың әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 330-бабы бойынша ("бұзақылық жасау") ұсталғанын айтты.

Дмитрий Щелоков соңғы бір айда осымен үшінші рет ұсталып отыр. 5 ақпанда ол тағы екі блогер - Ринат Қибраев және Нұрәлі Айтеленовпен бірге Ахметжан Есімовтің блогерлермен кездесуіне кірмек болғаны үшін ұсталып, "бұзақылық" бабы бойынша 10 тәулікке қамалған еді. Кеше үш блогерді Алматы полициясы "Мақсат Үсеновтің арызы" бойынша үйлерінен ұстап әкетіп, бірер сағаттан соң босатып қоя берген.
XS
SM
MD
LG