Accessibility links

Шекара қызметі: Янукович Донецкіден ұшпақшы болды


Виктор Янукович.
Виктор Янукович.
Украина мемлекеттік шекара қызметінің хабарлауынша, ақпанның 21-і күні Донецк әуежайынан Виктор Янукович мінген ұшақтың әуеге көтерілуіне шекарашылар рұқсат бермеген.

Мемлекеттік шекара қызметі төрағасының көмекшісі Сергей Астаховтың айтуынша, Янукович отырған ұшақтың қолданыстағы тәртіп бойынша толтырылған тиісті құжаты болмаған. Шекарашылардың ақпараты бойынша, тиісті құжат толтыруға келген бақылаушыларды ұшақ маңында қарсы алған қарулы адамдар тобы ұшып кетуге рұқсат алу үшін ақша ұсынған. Шекарашылар тиісті құжатсыз ұшақтың әуеге көтерілуіне рұқсат берілмейтінін айтқан соң ұшақ қасына оқ өтпейтін екі автокөлік келіп, ұшақ ішінен Виктор Янукович шыққан. Ол көліктердің біріне отырып әуежай аумағынан кетіп қалған.

Януковичтің қайда ұшпақшы болғаны белгісіз, шекара қызметінің дерегі бойынша, шекара бойындағы өзге бекеттерде оны ешкім көрмеген.

Сенбі күні Украина парламенті Виктор Януковичті биліктен шеттетіп, елде мамырдың 25-і күні кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы қаулы қабылдады.

Украиналық UBR телеарнасынан сенбінің кешінде эфирден берілген сұхбатында Виктор Янукович өзін «заңды сайланған президент» екенін айтып, отставкаға кетпейтінін мәлімдеген. Рада қабылдаған соңғы шешімдердің «заңсыз» екенін айтып, оларға қол қоймайтынын мәлімдеген Янукович елде болып жатқан оқиғаларды «бандитизм» және «мемлекеттік төңкеріс» деп атаған.
XS
SM
MD
LG