Accessibility links

Қырымда ресейшіл премьер тағайындалды


Ресейшіл тұрғындар Қырым парламенті алдында митингі өткізіп тұр. Симферополь, 27 ақпан 2014 жыл.
Ресейшіл тұрғындар Қырым парламенті алдында митингі өткізіп тұр. Симферополь, 27 ақпан 2014 жыл.
Қырым автономиялық республикасының жаңа премьер-министрі болып Қырым Жоғарғы Радасының депутаты, "Орыс бірлігі" партиясының жетекшісі Сергей Аксенов тағайындалды.

27 ақпан күні Қырым парламенті республиканың бұрынғы министрлер кабинетіне сенімсіздік білдіріп, үкімет басшысы Анатолий Могилевті қызметінен босатқан. Жергілікті депутаттар бұған қоса 25 мамыр күні автономия құзыретін кеңейтуге қатысты референдум өткізуді белгіледі.

Журналистермен кездесуінде Сергей Аксенов "Виктор Янукович Украинаның заңды түрде сайланған президенті болып қала беретінін" мәлімдеді. Ол бұдан өзге Ресей қаржылай көмек көрсетеді деген үміті барын да білдірді. "Басымызға туған қиын шақта Қырымдағы саяси жағдайды тұрақтандыру үшін Ресей көмек қолын созып, қаржылай жәрдем беретініне сенімдімін" деді.

Жиын кеше таңертең белгісіз қарулы топ басып алған парламент үйінде өтті. Қарулы топ бұған қоса үкімет үйін де басып алған. Белгісіз біреулер ғимараттар төбесіне Ресей туын тігіп қойған.

Украина прокуратурасы үкімет үйлерін басып алуды "теракт" деп бағалады.

Ресей мен Қырым туларын ұстаған жүздеген адам Қырым парламенті алдына жиналып, автономия мәртебесін анықтау туралы референдум өткізуді талап етті.
XS
SM
MD
LG