Accessibility links

Будапешт меморандумын Қырымға қолдану


Совет дәуірінің туын ұстаған адам ресейшілер шеруінде ұрандап тұр. Симфереполь. 28 ақпан 2014 жыл.
Совет дәуірінің туын ұстаған адам ресейшілер шеруінде ұрандап тұр. Симфереполь. 28 ақпан 2014 жыл.

Қырымдағы шиеленіс күшейіп, ресейшіл күштер түбектегі негізгі әуежайды бақылауға алғаннан бері Украина премьер-министрі Арсений Яценюк Ресейді «Будапешт меморандумын бұзбауға» шақырады.

Ядролық қаруды таратпау туралы қауіпсіздікті көздейтін Будапешт меморандумы Украина, Ресей, Америка және Ұлыбританияның мақұлдауымен 1994 жылдың желтоқсан айында қабылданды.

МЕМОРАНДУМДА НЕ ҚАМТЫЛҒАН?

Будапешт меморандумы - ресми келісімшарт емес, Совет Одағы ыдырағаннан кейін бұрынғы советтік елдердің қарусыздану туралы бір-біріне берген уәдесі, дипломатиялық құжат.

Құжатқа сәйкес, Украина советтік кезеңде өз аумағында жиналған барлық ядролық қаруды шығарып, оларды Ресейдің қару жоятын базасына жіберуге тиіс. Содан кейін ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қол қоюы керек болатын - Украина сол уәдесінде тұрды.

Оған жауап ретінде Ресей мен меморандумға қол қойған батыс елдері Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын мойындап, оны тәуелсіз ел деп таныды. Ол үшін тәуелсіз постсоветтік Украинаға аумақтық тұтастық пен Хельсинки қорытынды актісінің қол сұқпау саясаты қолданылды. Соңғысы қырғи-қабақ соғыс кезінде Совет Одағымен бірге 35 мемлекет қол қойған келісімшарт.

ҚҰЖАТТЫ ҚЫРЫМДАҒЫ ЖАҒДАЙҒА ҚАЛАЙ ҚОЛДАНУҒА БОЛАДЫ?

Будапешт меморандумында Ресей, Ұлыбритания және АҚШ «Украинаның аумақтық тұтастығы мен саяси тәуелсіздігіне қол сұқпаймыз, күш қолданбаймыз» деп уәде берген болатын. Сондай-ақ, олар Украинаны өз мүддесіне қолдану үшін экономикалық қысым жасамауға келіскен.

Олар халықаралық құқықты бұзбас үшін басқа қатысушылардың аумағына әскери басқыншылық жасамайтындарын, күш қолданбайтындарын ерекше атап өткен еді.

ОЛАР МЕМОРАНДУМ ШАРТЫН ОРЫНДАУҒА ТИІС ПЕ?

DePaul университетінің колледжіндегі қарулануды бақылау халықаралық орталығының директоры және құқықтану профессоры Бэрри Кельман Будапешт меморандумының Ресейге қатысты заңдық күші мен Украинаның аумақтық тұтастығын сыйлаудағы міндеті туралы айтады.

- Бір қарағанда жеңіл көрінсе де, бұл - барынша күрделі мәселе. Халықаралық құқық бойынша оны орындау қажет, бірақ орындауға мәжбүрлейтін тетіктер жоқ. Будапешт меморандумы Хельсинки қорытынды актісіне сүйенеді, соның қағидасын жаңғыртады. Сенім тудыру мен басқа да міндеттерді (басым көбі – қолайсыз міндеттер) орындауға мәжбүрлеу шаралары бар. Араласпау керек, - дейді Бэрри Кельман.

Оның пікірінше, Ресейді Украинаның аумақтық тұтастығына тимеуге мәжбүрлейтін басқа да халықаралық құқықтар бар. Оған БҰҰ жарғысы мен ЕҚЫК (Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі кеңес) келісімшарты кіреді.

Рон Синовицтің мақаласын аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG