Accessibility links

Еуразия Одағы шартының Қазақстанға ұнамайтын тұстары


Солдан оңға: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко Еуразиялық одақ жайлы жиында. Мәскеу, 24 желтоқсан 2013 жыл.
Солдан оңға: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко Еуразиялық одақ жайлы жиында. Мәскеу, 24 желтоқсан 2013 жыл.

Биыл Қазақстан, Беларусь және Ресей Еуразия Одағын құру туралы келісім-шартты дайындау жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отыр. Баспасөзде Қазақстан үкіметінің келісім-шарт жобасына қатысты ескертулері пайда болды.

Биыл мамыр айында Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттері үш ел интеграциясының Кеден Одағынан кейінгі келесі кезеңі - Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісім-шартты соңғы рет пысықтап, қол қоюды жоспарлап отыр. Келісім-шарттың 800 беттік жобасы интернетте жарияланды. Мысалы, Ресей экономикалық даму министрлігінің сайтында жарияланған нұсқасында Кеден Одағына мүше елдердің ескертпелері бар. Қазақстан да кейбір мәселелер бойынша келіспейтінін білдіріп, ескертулер жасаған.

«БІРЫҢҒАЙ» НЕМЕСЕ «ҮЙЛЕСТІРІЛГЕН» САЯСАТ

Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісім-шарт жобасында қарастырылған алғашқы мәселелердің ішінде одақтың сыртқы сауда саласында ұстанатын саясаты, яғни әлемнің қалған елдерімен сауда жүргізуде Қазақстан, Беларусь және Ресейдің орындауы тиіс ережелер бар. Келісім-шарт жобасына ұсынған түзетулеріне қарағанда, Астана сыртқы саудада тауарға қатысты ғана бірыңғай саясат ұстануға келіседі. Ал қызметтер нарығына қатысты мәселеде ол «координациялық шаралармен» шектелуді ұсынады.

Санитарлық және карантиндік шаралар енгізу саласында да Қазақстан бірыңғай емес, «келісілген саясат» ұстағысы келеді.

Алматы қаласындағы «Ұлағат бизнес групп» компаниясының директоры, экономист Марат Қайырленовтің пікірінше, жобадағы «бірыңғай саясат» деген ұғымды Ресей саясаты деп түсіну керек.
Біресе Грузиямен, біресе Молдовамен азық-түлік соғысын жүргізіп келе жатқан Ресей енді Украинамен тайталасып отыр. Ал Қазақстанға көрші елдермен жанжалдасудың түкке керегі жоқ.
Экономист Марат Қайырленов.

– Біресе Грузиямен, біресе Молдовамен азық-түлік соғысын жүргізіп келе жатқан Ресей енді Украинамен тайталасып отыр. Ал Қазақстанға көрші елдермен жанжалдасудың түкке керегі жоқ. Меніңше, мұндай жанжалдар экономикаға кесірін тигізеді. Бірақ бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше ел ретінде мұндай жанжалдардан сырт қала алмайтынымыз түсінікті. Сондықтан келіссөз жүргізетіндерге қиын болады, – дейді Марат Қайырленов.

Ол 2013 жылы Ресей тыйым салған Украинаның «Рошен» кәмпиттеріне қатысты жағдайды мысал ретінде келтіреді. «Құрамында денсаулыққа қауіпті бензопирен бар» деген желеумен Роспотребнадзор былтыр Қазақстанның да Украина кәмпитін сатып алуға тыйым салуын сұраған.

Бірақ Қазақстанның санитарлық-эпидемиологиялық станциялары бұл болжамды растамаған.

ЖОСПАРЛЫ ЭКОНОМИКАҒА ОРАЛУ МА?

Келісім-шарт жобасына қарағанда, Қазақстан макроэкономикалық саясатын Беларусь және Ресеймен келісе отырып жүргізуге міндеттеме алады.

Бірақ Қазақстан Еуразия экономикалық одағы келісім-шартынан «одаққа мүше елдер экономикасын жүргізудің бірыңғай принциптерін қалыптастыру» деген
Кеден Одағы. Карикатура авторы - Сәбит. Алматы, 17 мамыр 2012 жыл.
Кеден Одағы. Карикатура авторы - Сәбит. Алматы, 17 мамыр 2012 жыл.
ережені алып тастауды ұсынады. Құжаттағы түзетулеріне қарағанда, Астана стратегиялық жоспарлау саласындағы өзара әрекеттестікті де, экономиканы дамытудың үш мемлекетке ортақ ұзақ мерзімді жоспарын құруды да қолдамайды.

Экономист Марат Қайырленов үш елдің экономикасын бір орталықтан жоспарлау туралы ұсыныс қабылданса, бұл Қазақстанның дамуына кері әсерін тигізеді деп санайды.

– Мысалы, Совет Одағы заманындағы сияқты «шикізатты өткізетін зауыт бар, жаңа зауыт салудың қажеті қанша» деп айтуы мүмкін. Яғни, Ресей бізге зауыт салу немесе салмау туралы жөн айтпауы тиіс. Оның үстіне, бізде өзіміздің бағдарламалар мен стратегияларымыз да көп. Премьер-министр болған кезде Кәрім Мәсімов осы жайтқа назар аударған. Оның айтуынша, бізде 140 үкіметтік бағдарлама жұмыс істейді, - дейді сарапшы.

ОРТАҚ ТРАНСПОРТ НАРЫҒЫ

Келісім-шарт жобасына сәйкес, Қазақстан бірыңғай транспорттық кеңістік құруды және еуразиялық транспорт дәліздерін дамытуды қолдайды. Бірақ транспорт қызметтерінің ортақ нарығын құруды құптамайды. Қазақстан Еуразия одағының басым бағыттарынан бұл тармақты алып тастауды сұраған. Бірақ Ресей мен Беларусь келісім-шарттағы бұл тармақты қалдырып, кейбір анықтамаларын ғана түзетуді, яғни «транспорттық қызметтің ортақ нарығы» деген терминнің өңін ғана өзгертуді ұсынады.

Кеден Одағына мүше үш елдің темір жол компаниялары негізінде биыл «біріккен транспорттық-логистикалық компания» құру жоспарланған. Ал кейбір маршруттар бойынша бірыңғай тарифтік ставкалар қазірдің өзінде енгізіліп қойған. Транспорт нарығының басқа салаларын да біріктіру жоспарланған ба, бұл әлі белгісіз.

Алматыдағы қаржы компанияларының бірінің маркетологы Арман Бейсембаев Еуразия одағы аясында транспорттық қызмет түрлерінің барлық сегменттері біріктіріледі және басқа бағыттар бойынша интеграциялық процестер тереңдей түседі деп есептейді.
Бодандық қамытын киюге бірден келісе салмай, бұл бағытты әлі де пысықтай түсу қажет.
Сарапшы Арман Бейсембаев.


– Қазақстанның алаңдауы орынды. Ортақ нарық болғасын ортақ шарттар, ережелер мен тарифтер болатыны заңды. Бұл жағынан алғанда, Ресейдің бағалары қымбат, ал қазақстандық бағалар арзан болып, шығыннан көз ашпауымыз мүмкін. Мысалы, біздің елге келетін тауар көлемі де, жолаушы ағыны да көп әрі сапасы да жоғары. Бодандық қамытын киюге бірден келісе салмай, бұл бағытты әлі де пысықтай түсу қажет, - дейді Арман Бейсембаев.

ОҚЫҢЫЗ: Еуразия Одағына апара жатқан ұйымдар

Еуразия экономикалық одағы – Қазақстан, Беларусь және Ресей арасында 2010 жылы орнаған Кеден Одағын іске асырудың келесі сатысы. Егер талқыланып жатқан келісім-шарт жобасына үш елдің президенттері мамыр айында қол қойса, Еуразия экономикалық одағы 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады. Еуразия экономикалық одағы аясында сауда, валюта және макроэкономикалық саясатты бірыңғай жүйеге келтіріп, тауар және қызмет түрлері нарығын, мемлекеттік сатып алу, транспорт пен энергетика сияқты басқа да көптеген салаларды біріктіруді ұсынып отыр.
XS
SM
MD
LG