Accessibility links

Қазақстанды қылмыстық кодекс жобасын қайта қарауға шақырды


Парламент депутаттарының жұмысшы тобы қылмыстық кодекстің жаңа жобасын талқылап жатыр. Астана, 23 қаңтар 2014 жыл.
Парламент депутаттарының жұмысшы тобы қылмыстық кодекстің жаңа жобасын талқылап жатыр. Астана, 23 қаңтар 2014 жыл.
Норвегиялық Хельсинки комитеті мен "Халықаралық құқықтық бастама" қоғамдық қоры "Қазақстанның қылмыстық, қылмыстық процессуалдық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерінің жаңа нұсқалары үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) мен бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) қызметіне шектеу қояды" деп, алаңдаушылық білдірді. Халықаралық ұйымдар Қазақстан парламенті мен үкіметін аталған заңнамаларды адам құқықтарын қорғау мақсатында қайта қарауға шақырады.

Комитет пен қоғамдық бірлестік таратқан мәлімдемеде Қылмыстық кодекстің жаңа жобасы ҮЕҰ жетекшілерін мемлекеттік органдардың қызметіне "заңсыз араласқаны үшін" жазалауды қарастыратынын айтады. "ҮЕҰ-ның мемлекеттік органдар қызметіне араласуының заңды, я заңсыз екендігі нақты белгісіз болып тұрған тұста мұндай нормаларды қабылдау елдегі қоғамдық бақылауды құрдымға жібереді" дейді халықаралық ұйымдар.

Мәлімдеме авторлары "әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс БАҚ пен қоғамдық бірлестіктердің, оның ішінде саяси партиялар мен діни ұйымдардың әрекетіне қатаң түрде шектеу қояды" деген алаңдаушылық білдірген. "Кодекс болмашы техникалық заң бұзушылықтарға бола олардың жұмысын уақытша тоқтата тұруға немесе мүлде доғаруға мүмкіндік береді" делінген мәлімдемеде.

Хельсинки комитеті мен "Халықаралық құқықтық бастама" ұйымы бұған қоса азаматтарды тіркеу тәртібін өзгертуге шақырады. Қос ұйым "азаматтарды тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелуге міндеттеу олардың денсаулық, еңбек, білім алу және тұрғылықты жерін еркін таңдау құқықтарын шектейді" деп санайды.

Қазақстан парламентінің мәжілісі бүгін қылмыстық кодекстің жаңа жобасын екінші оқылымында мақұлдады.
XS
SM
MD
LG