Accessibility links

"Қорғас ісінің" үкімі шықты


«Қорғас ісі» бойынша соттағы 45 айыпталушының үшеуі. Алматы, 11 наурыз 2014 жыл.
«Қорғас ісі» бойынша соттағы 45 айыпталушының үшеуі. Алматы, 11 наурыз 2014 жыл.
12 сәуір күні Қазақстанның қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық әскери соты "Қорғас ісі" бойынша айыптау үкімін шығарды.

2013 жылы маусым айында басталған сот процесі контрабанда мен жемқорлыққа қарсы ең ірі қылмыстық іс болды. Мұнда 45 адамға айып тағылды. Олардың ішінде ұлттық қауіпсізддік комитетінің (ҰҚК), кеденнің бұрынғы қызметкерлері, кәсіпкерлер бар.

"Қорғас" кеден бекетінде құрылған қылмыстық топтың басшылары деп танылған Талғат Қайырбаев - 16 жылға, Бақыт Отарбаев 13 жылға сотталды. Олар жазаларын қатаң режим колониясында өтейтін болды.

"Қорғас" кеден бекетінің бұрынғы бастығы Бақытжан Айдаров 5 жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын дағдылы режим колониясында өтейді.

Алматы облысының кедендік бақылау департаментінің бұрынғы бастығы Құрманбек Артықбаев - 14 жылға, Ақмола облысы ҰҚК департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Бақытбек Құманәлиев 16 жылға түрмеге кесілді.

ҰҚК-інің бұрынғы жоғары лауазымды қызметкерлері Талғат Жақаев пен Ирлан Әбдрахманов 17 жылға қатаң режим колониясына кесілді.

Қалған айыпталушылар бес жыл мен 10 жыл аралығындағы түрлі мерзімге сотталды. Судья Советхан Сәкенов сотталушылардың мүліктерін тәркілеу жөнінде де үкім шығарды. Сотталғандар белгілі бір мерзім ішінде мемлекеттік қызмет істеу, кәсіпкерлікпен айналысу құқықтарынан айырылды. ҰҚК және кеденнің бұрынғы қызметкерлерінен әскери және арнайы шендері қайтарылып алынды.

Тергеу амалдары 2011 жылы басталған "Қорғас ісі" деректеріне қарағанда, сотталушылар мұнда ұйымдасқан қылмыспен, атап айтқанда Қытай шекарасынан контрабандалық тауар өткізумен бірнеше жыл айналысып келген. Тауарларды Қазақстан және Қырғызстан базарларына жіберіп отырған.

«Қорғас» – Қазақстан мен Қытай шекарасындағы негізгі кедендік бекеттердің бірі. Автомобиль жолы арқылы Қазақстан, Қырғызстан және Ресейге Қытайдан жеткізілетін жүктің үлкен бөлігі осы бекет арқылы өтеді.
XS
SM
MD
LG