Accessibility links

АҚШ Ресейге жаңа санкциялар салды


АҚШ президенті Барак Обама. Манила, 28 сәуір 2014 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама. Манила, 28 сәуір 2014 жыл.
АҚШ-тың қаржы министрлігі жаңа санкцияларға іліккен ресейлік шенеуніктердің тізімін жариялады.

Тізімде Ресей үкіметі төрағасының орынбасары Игорь Сечин, Ресей президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Вячеслав Володин, вице-премьер Дмитрий Козак, "Ростех" мемлекеттік корпорациясының басшысы Сергей Чемезов, мемлекеттік думаның халықаралық қатынастар комитетінің жетекшісі Алексей Пушков, Ресей президентінің Қырым федералдық округіндегі өкілі Олег Белавенцев, федералдық күзет қызметінің директоры Евгений Муров бар.

Бұған қоса, ресейлік 17 компанияға да жаңа санкциялар салынған. Олардың арасында "Собинбанк", "Стройтрансгаз", "Стройгазмонтаж", Volga Group компаниялары бар. "Интерфакс" агенттігінің хабарлауынша, тізімдегі компаниялар мен банктердің барлығы Геннадий Тимченкоға, не Аркадий мен Борис Ротенбергтерге, "Россия" банкіне бағынышты.

Санкция салынған жеке және заңды тұлғалардың АҚШ-тағы кез келген активтері бұғауланады. Шенеуніктердің АҚШ-қа кіруіне тыйым салынады. Ал америкалық компанияларға тізімдегі азаматтар мен компаниялармен істес болуға тыйым салынады.

Мәскеудің Украинадағы дағдарысты реттеу туралы Женева келісімін орындамауына байланысты жаңа санкциялар салынатынын АҚШ президенті Барак Обама 28 сәуір күні Филиппинге сапары барысында мәлімдеген.

Обама бұған қоса Кремль Украинадағы агрессиялық саясатын өзгертпесе, онда Ресейдің банк секторы мен қорғаныс саласына қарсы шаралар қабылданатынын ескерткен.

Ресейдің Украинадағы әрекеттеріне байланысты жаңа санкциялар салу жайын бүгін Еуропа Одағы басшылары да талқылайды.
XS
SM
MD
LG