Accessibility links

ЕО тағы 13 адам мен компанияға санкция салды


ЕО санкция салған адамдардың бірі - Ресей әуе десанты күштерінің қолбасшысы Владимир Шаманов. Ставрополь, 15 наурыз 2012 жыл.
ЕО санкция салған адамдардың бірі - Ресей әуе десанты күштерінің қолбасшысы Владимир Шаманов. Ставрополь, 15 наурыз 2012 жыл.
Еуропа Одағы (ЕО) Украинадағы дағдарысқа байланысты салынған санкциялар тізіміне жаңадан қосқан 13 адамның аты-жөнін жариялады.

Тізімде Ресейдің Қырымды аннексиялап алуына қатысы бар шенеуніктер - Ресей президенті аппараты басшысының бірінші орынбасары Вячеслав Володин, Ресей әуе десанты күштерінің қолбасшысы Владимир Шаманов, Ресей мемлекеттік думасы конституциялық комитетінің басшысы Владимир Плигин, Ресей федералдық миграциялық қызметі басшысының міндетін атқарушы Петр Ярош бар.

Санкциялар бұларға қоса Украинаның шығысындағы сепаратистердің жетекшілеріне - Славянскінің өзін-өзі жариялаған "мэрі" Вячеслав Пономаревке, Донецкідегі сепаратистік әскери отрядтың басшысы Игорь Безлерге, өзін-өзі жариялаған "Донецк халық республикасы" орталық сайлау комиссиясының басшысы Роман Ляхинге де салынған.

Тізімде Ресей Қырымды аннексиялап алғаннан кейін Қырымның жаңа билігі тәркілеген "Черноморнефтегаз" және Феодосия" компаниялары да бар.

РЕСЕЙДІҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Ресей Украинадағы дағдарысқа байланысты Еуропа Одағының ресейлік бірнеше саясаткер мен шенеунікке және екі компанияға санкция салуына қатысты жауап қайтарды.

Ресей сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, Еуропа Одағы кеңесінің Украина дағдарысына байланысты шешімі бұл елдегі нақты жағдаймен "еш үйлеспейді".

Министрлік Брюссель керісінше Украинаның Донецк мен Луганск облыстарында өткен "референдум" нәтижелерін құрметтеп, Киев пен Украинаның оңтүстік-шығыс облыстарының арасында диалог орнатуына жәрдемдесуі керек деді. Мәскеу өзіне қарсы санкциялар салу арқылы Еуропа Одағы серіктес ретіндегі сенімді күйретеді деп санайды.

БҰҒАН ДЕЙІНГІ САНКЦИЯЛАР

Халықаралық қауымдастық Украинадағы жағдайға байланысты бұған дейін де бірнеше рет санкция жариялаған.

ЕО 29 сәуірде Ресейдің 15 азаматына санкция жариялап, оларға виза беруге тыйым салып, активтерін бұғаулайтынын хабарлаған. Ресейдің Украинадағы әрекеттеріне қатысты сол жолғы санкцияларға ілінгендердің арасында Ресей вице-премьері Дмитрий Козак, мемлекеттік дума спикерінің орынбасары Людмила Швецова, Ресей қарулы күштері бас штабының бастығы генерал Валерий Герасимов, Ресей әскери барлау қызметінің (ГРУ) басшысы Игорь Сергун бар, Ресейге қосылған Қырымның, Украинадағы Луганск және Донецк қалаларындағы ресейшіл сепаратистердің басшылары да бар.

Санкция салынған ресейліктер туралы тізімге қосымша таратылған мәлімдемеде ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі комиссары Кэтрин Эштон "Украинаның шығысында қауіпсіздіктің нашарлағанына алаңдаушылық білдірген". Эштон тізімде аты аталғандар "Украинаның еркіндігі мен егемендігіне, территориялық тұтастығына қатер төндіргендіктен" санкцияға ілінгенін айтады.

29 сәуірде АҚШ-тың қаржы министрлігі де жаңа санкцияларына іліккен ресейлік шенеуніктердің тізімін жариялаған. Тізімде Ресей үкіметі төрағасының орынбасары Игорь Сечин, Ресей президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Вячеслав Володин, вице-премьер Дмитрий Козак, "Ростех" мемлекеттік корпорациясының басшысы Сергей Чемезов, мемлекеттік думаның халықаралық қатынастар комитетінің жетекшісі Алексей Пушков, Ресей президентінің Қырым федералдық округіндегі өкілі Олег Белавенцев, федералдық күзет қызметінің директоры Евгений Муров бар.

Бұған қоса ресейлік 17 компанияға да жаңа санкциялар салынған. Олардың арасында "Собинбанк", "Стройтрансгаз", "Стройгазмонтаж", Volga Group компаниялары бар. "Интерфакс" агенттігінің хабарлауынша, тізімдегі компаниялар мен банктердің барлығы Геннадий Тимченкоға, не Аркадий мен Борис Ротенбергтерге, "Россия" банкіне бағынышты.

Санкция салынған жеке және заңды тұлғалардың АҚШ-тағы кез келген активтері бұғауланады. Шенеуніктердің АҚШ-қа кіруіне тыйым салынады. Ал америкалық компанияларға тізімдегі азаматтар мен компаниялармен істес болуға тыйым салынады.

АҚШ оған дейін 17 наурызда да Украинадағы оқиғаға орай санкцияға іліккен Ресей шенеуніктерінің тізімін жариялаған еді. Ол тізімге Владислав Сурков, Сергей Глазьев, Леонид Слуцкий, Андрей Клишас, Валентина Матвиенко, Дмитрий Рогозин және Елена Мизулина енген. Тізімде Қырым премьер-министрі Сергей Аксенов, Қырым жоғарғы кеңесі төрағасы Владимир Константинов, Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович, Украина президенті әкімшілігінің бұрынғы басшысы Виктор Медведчук те болған.
XS
SM
MD
LG