Accessibility links

"Қазақстандық" планшет өндіретіндерге сот үкімі шықты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
Ақтаудың қылмыстық істер бойынша соты "қазақстандық" планшет құрастыратын зауытқа қатысты үкім шығарды деп хабарлайды "Интерфакс-Қазақстан" агенттігі.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот Caspiy Electronics компаниясының директоры Александр Павленконы "алаяқтық жасады" деген айыппен алты жылға бас еркіндігінен айырып, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге және мүлкін тәркілеуге үкім еткен.

Осы іс бойынша сотқа тартылған "Каспий" компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Ерғали Каюпов "қызмет өкілетін теріс мақсатта пайдаланды" деген айыппен үш жылға сотталып, бірақ рақымшылыққа ілінуі себепті жазасын өтеуден босатылған.

Ал 121 миллион 220 мың теңге қаржыны жымқыру туралы тағы бір іс бойынша Павленко мен Каюпов "істе қылмыстық құрам жоқ болғандықтан" ақталған.

Ақтауда 2011 жылы инновациялық жоба ретінде таныстырылған «Аққу» зауыты жылына ондаған мың электроникалық жабдық өндіреді деп хабарланған еді. Зауытты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев онлайн конференция кезінде салтанатты түрде ашқан.

Қаржы полициясы бұл зауыттың планшет пен телевизор жасаудың орнына басқа жақтан дайын өнімдер алып, оны елге "Қазақстанда жасалған" «Аққу» маркасымен қайта сатқанын анықтаған.

Caspiy Electronics серіктестігін «Каспий» және JX Company компаниялары бірлесіп құрған.
XS
SM
MD
LG