Accessibility links

НАСА: Ғарыш станциясы Ресейсіз де жұмыс істейді


Халықаралық ғарыш станциясы. (Көрнекі сурет)
Халықаралық ғарыш станциясы. (Көрнекі сурет)
АҚШ ғарыс агенттігінің (НАСА) басшысы Чарльз Болден 19 мамыр күні Берлинде журналистерге "халықаралық ғарыш станциясы Ресейсіз де жұмыс істей алады" деп мәлімдеді.

Бұған дейін Ресей вице-премьері Дмитрий Рогозин Ресейдің 2020 жылдан кейін халықаралық ғарыш станциясын пайдалануды тоқтату ниеті барын айтып, "АҚШ жағы станцияны Ресейдің қатысуынсыз пайдалана алмайды" деп мәлімдеген еді.

Чарльз Болден "тіпті егер Ресей халықаралық ғарыш станциясынан бас тартып жатқан жағдайда да, станция жұмысын жалғастыра беретінін" айтты.

Халықаралық ғарыш станциясын АҚШ, Ресей, Жапония, Канада және Еуропа елдері бірлесіп басқарады. Болденнің айтуынша, НАСА 2017 жылы станцияға астронавтарды жекеменшік компаниялар жеткізеді деп күтіп отыр.

Рогозин АҚШ Украина дағдарысына қатысты Ресейге қарсы санкцияларын күшейткен соң Вашингтонды нұсқап, "әр нәрсені саясиландыра беретін сенімсіз әріптеспен" бірлескен жоғары технологиялық жобалардың болашағына Мәскеудің алаңдайтынын айтқан.
XS
SM
MD
LG