Accessibility links

АҚШ "Магнитский актісі" бойынша тағы 12 адамға санкция салды


Түрмеде қаза тапқан ресейлік заңгер Сергей Магнитский.
Түрмеде қаза тапқан ресейлік заңгер Сергей Магнитский.
АҚШ қаржы министрлігі адам құқықтарының бұзылуына қатысы бар делінген ресейлік 12 адамға қарсы (арасында Ресейдегі коррупциялық қылмыстарды әшкерелеген заңгер Сергей Магнитскийді медициналық көмектен айырған түрме қызметкерлері де бар) санкция салды.

"Магнитский актісі" деп аталып кеткен бұл тізім бойынша, заңгер өліміне қатысы бар деп айыпталғандарға АҚШ-қа келуге виза берілмейді, АҚШ-тағы барлық активтері бұғауланады.

Тізімге Сергей Магнитский отырған түрменің төрт қызметкері, оның ісін жүргізген судья, сот қызметкері, тергеуші, Магнитский әшкерелеген алаяқтық әрекетке қатысты адамдар енгізілген. Бұған қоса Магнитскийдің өліміне байланысты "қызметіне немқұрайды қарады" деп айыпталып, кейін ақталып шыққан дәрігер Дмитрий Кратов та санкция тізіміне енгізілген.

"Магнитский актісін" жақтаушылар Ресей тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкинге де қарсы санкциялар салуға шақырған. Бірақ оның аты-жөні тізімде жоқ.

Ресейдегі Hermitage Capital инвестициялық қорында жұмыс істеген Магнитский 2009 жылы 37 жасында абақтыда ұрып-соққаннан соң, медициналық қызмет көрсетілмеген күйі қайтыс болған еді. Ол 2008 жылы Ресей шенеуніктері мен полицияның 230 миллион АҚШ доллары көлеміндегі салықты жымқырғанын әшкере еткен.
XS
SM
MD
LG