Accessibility links

G7 Украинаға қатысты Ресейге ескерту жасады


Германия канцлері Ангела Меркель (сол жақта) мен АҚШ президенті Барак Обама. Брюссель, 4 маусым 2014 жыл.
Германия канцлері Ангела Меркель (сол жақта) мен АҚШ президенті Барак Обама. Брюссель, 4 маусым 2014 жыл.
Экономикасы қуатты жеті ел (G7, Group of seven - "Үлкен жетілік") Брюссельде 4 маусым күні өткен жиыннан соң Шығыс Украинадағы тәртіпсіздік бақылауға алынбаса, Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге даяр екендерін айтып, бірлескен мәлімдеме қабылдады.

"Ресейдің Қырымды аннексиялап алуын қабылдай алмаймыз. Украинаның шығысында жағдайды тұрақсыздандыру іс-әрекеті тоқтатылуы тиіс. Бұл әрекеттер халықаралық құқықтың негізгі принциптерін бұзады және ол барлық елдерді алаңдатуы тиіс. Ресей Украинаның ішкі ісіне араласқан тұста біз украин халқы мен үкіметін қолдаймыз" делінген құжатта.

Жеті ел басшылары бұған қоса Ресейді Украинадағы президент сайлауының нәтижелерін мойындауға, Украинамен шекарасынан әскерін әкетуге, бұл елге бүлікшілер мен қару-жарақ жөнелтуді тоқтатуға шақырған.

Жиыннан соң журналистер алдында сөйлеген Германия канцлері Ангела Меркель Украинаның шығысындағы жағдайдың бұдан ары шиеленісуіне жол беруге болмайтынын, Батыс елдері Мәскеуге сепаратистерге ықпал етуі үшін қысым жасауға даяр екенін жеткізді.

Меркель Батыс елдері Украинаның шығысындағы жағдайдың реттелуін үнемі қадағалап отыратынын айтты.

"Егер біз мәселені шеше алмасақ, қажет болса тым ауыр санкциялар салуға шамамыз жетеді. Себебі Украинадағы жағдайдың бұдан ары шиеленісуіне жол бере алмаймыз" деді ол.

"Үлкен жетілік" елдері басшыларының саммиті әуелде Ресейдің Сочи қаласында өтуі тиіс болған. Бірақ Ресей Қырымды аннексиялап алған соң Мәскеудің ісіне қарсылық білдірген "Үлкен жетілік" елдері саммитті Брюссельге ауыстырған еді.

Экономикасы дамыған "Үлкен жетілік" деп аталатын бейресми топқа АҚШ, Жапония, Канада, Ұлыбритания, Германия, Франция және Италия кіреді. Құрамына Ресей кірген кездері бұл топ "Үлкен сегіздік" (G8) деп аталған.
XS
SM
MD
LG